ДИКТОР: Көкшетауға жұмыс сапарымен Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева келді. Сапар барысында ол бірқатар әлеуметтік нысанды аралады. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.
РКС: Сапар аясында Мәжіліс депутаты алдымен жақында ашылған белсенді ұзақ өмір орталығына барып, тыныс-тіршілігімен танысты. Халық қалаулысы орталықтағы үйірмелердің жұмысын көріп, келушілермен тілдесті, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Қариялар алғыстарын білдіріп, мұндай орталықтардың егде жастағы адамдар үшін аса маңызды екенін, белсенді өмір салтын ұстануға және қоғамнан шет қалмауға зор мүмкіндік беретінін айтты. Наталья Дементьева соңғы жылдары елімізде әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға арналған бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Әсіресе білім беру, денсаулық сақтау, оңалту орталықтары мен өзге де әлеуметтік инфрақұрылымдардың халықтың әл-ауқатын жақсартудағы маңызы зор екенін атап өтті.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: НАТАЛЬЯ ДЕМЕНТЬЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде әрқашан үлкен азаматтардың, яғни зейнетке жеткен азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатымен осындай белсенді өмір сүру орталықтары әр аймақта болсын деп осындай тапсырма беріп отыр. Өйткені қазіргі кезде осындай азаматтар біздің назарымыздан тыс қалады. Соны міндетті түрде бір қалпына келтіру керек. Өз басым «Аманат» партиясының мүшесі ретінде аймаққа шығып, Көкшетау қаласында осы объектімен өз іс-сапарымды жалғастырдым. Негізі осы орталық біздің үлкен азаматтарымыздың сана-сезіміне, көңіл-күйіне , олардың белсенді қоғамдық позициясына, ұстанымына қатты әсер етеді. Оларға біз де қарап, өзімізге үлгі алып отырамыз.
РКС: Бұдан соң Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығының құрылыс барысымен танысты. 150 орынға шақталған бұл әлеуметтік маңызы бар нысан «Аманат» партиясының жол картасы аясында жүзеге асырылуда. Алайда 2022 жылы басталған бұл жоба құрылыс нарығында қажетті құрылыс материалдарының тапшылығына байланысты уақытша тоқтатылған. Әзірге құрылыс жұмыстары қайта жанданбаған.
СНХ: АЗАМАТ БАЙҚУАНЫШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Былтыр жаңа жобаның нұсқасы тиісті мемлекеттік сараптамадан теріс қорытынды алды. Осының салдарынан құрылыс бүгінгі күнге дейін қайта жанданған жоқ. Биыл 16 маусымда мердігер ұйымға ресми түрде жұмысты қайта жандандыру туралы ескерту хат жолданды. Шілденің 16-сына дейін құрылыс қайта басталмаса, келісімшарт бұзылып, жаңа мердігер ұйым анықталады.
СНХ: НАТАЛЬЯ ДЕМЕНТЬЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Екі жыл бұрын бұл нысан, бұл мәселе шешіледі, осы орталық жүзеге асырылады деген сөз қозғалған болатын. Енді екі жылдан кейін осы жерге келіп, қайта осы қалпында екі жыл бұрын болған дүниені көріп отырмыз. Бұл мүлдем болмайтын іс. Бұл ең алдымен «Аманат» партиясының назарында ұсталатын нысан. Сондықтан осындай объектілерге біз дұрыс қарауымыз керек. Жалпы ел бойынша осындай объектілер көп. Кем дегенде, бір облыста бір реабилитациялық орталықтан болуы тиіс деп ел Президенті Қасы-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтып кеткен.
РКС: Мәжіліс депутаты аталған орталықтың маңыздылығына тоқталып, ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың қоғам өміріне белсене араласуына және қажетті әлеуметтік қолдауға қол жеткізуіне мұндай мекемелердің айрықша роль атқаратынын атап өтті. Осы ретте ол алдағы уақытта бұл мәселеге ерекше назар аударып, құзырлы министрлік тарапынан қажетті шаралар қабылданып, олардың орындалуын қатаң бақылауда ұстау қажет екенін жеткізді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ