ДИКТОР: Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Әдеби мұра - ұлт қазынасы» атты зиялы қауым өкілдері мен оқырмандардың кездесуі өтті. Шара қазақ әдебиетіндегі 100 таңдаулы шығарманы айқындауға бағытталған жалпыұлттық сауалнамаға кең қолдау көрсетуді басты назарға алып отыр.
РКС: Кездесу барысында қатысушылар қазақ әдебиетінің ұлт руханиятындағы айырықша орнын атап өтті. Осы орайда зиялы қауым өкілдері аталған бастаманы қолдап, 100 таңдаулы кітаптың қатарына қосуға лайық деп есептейтін шығармаларды ортаға салды. Олар қазақ әдебиетінің алтын қорына енген Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза сынды алыптардың туындыларын ерекше атап өтті. Бұл тізімнен Ақмола өңірінен шыққан жергілікті қаламгерлердің еңбектері де лайықты орын алуы тиіс деген пікір айтты. Сондай-ақ, олар кейінгі буын жас жазушылардың шығармашылығына да көңіл бөліп, әдебиеттің жаңа өкілдерін қолдау қажеттігіне тоқталды.
СНХ: СӘБИТ ЖӘМБЕК, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: Өзіміздің өңірден де, Көкшетау өңірін айтсақ, Жанайдар Мусиннің, Естай Мырзахметовтың "Медет" романы. Ол да өзінің актуалдылығын жоғалтқан жоқ бүгінгі жастар арасында. Төлеген Қажыбаевтың "Қан кешу" сияқты астық кезеңдерін көрсеткен шығармалары. Осындай-осындай көптеген шығармаларды айтуға болады. Осы жерден шыққан Өмірзақ Мұқайды айтуға болады, хикаяттары, шығармалары өте жақсы. Қабдеш Жұмаділовті айтсақ, оның "Таңғажайып дүние", "Тағдыр" романдары керемет. Кезінде өте актуалды шығармалар болған. Тағы да тәелсіздік кезінде көптеген романдар жазды ғой енді, сондықтан Қабдеш атамаздың да мұраларын насихаттау керек. Сәкен Жүнісовтің "Ақан сері" романы. Міне осылардың бәрін біз қайта қозғап, насихаттауымыз керек.
РКС: Шара аясында eGov Mobile қосымшасы арқылы дауыс беру механизмі көрсетіліп, қатысушыларға нақты нұсқаулықтар берілді. Бұл бастама цифрлық технологияларды пайдалана отырып, әдеби процестерге азаматтардың белсенді қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған.
СНХ: СЕРІК ЖЕТПІСҚАЛИЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ АҚПАРАТТЫҚ КІТАПХАНАЛАР ЖҮЙЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Жалпы елімізде президентіміздің бастамасымен ұлттық әдебиетті насихаттау, оқу мәдениетін қалыптастыруға үлкен жұмыс жасалып жатыр. Соның бірі осы міне соңғы сауалнама. Сол 100 кітапты таңдау үшін әрбір азамат өзі қалаған, өзі ұнатқан, өзі жақсы көретін, жұрттың бәрі білуге тиіс деген 10 кітапты таңдау керек. Облысымыздың тұрғындары осыған белсенді қатысуы керек. Бұрынғы әдебиетіміз, бұрынғы көркем шығармаларымыз оқылмай қалды-ау деген мәселе тұр. Соған көзі қарақты интелегенцияның жаны ашиды.
РКС: Бұл кездесу руханият пен заманауи технологияның түйіскен тұсы ретінде кітапқа деген қызығушылықты арттырып, ұлттық әдебиеттің даму жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ