ДИКТОР: Қылмысқа барған әрбір жас — тек заң бұзушы емес, сонымен қатар қоғамның да, тағдырдың да назарынан тыс қалған жан. Бірақ олар үшін де жаңа мүмкіндік бар. Бүгін Көкшетауда бизнес, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, әлеуметтік кәсіпкерлер мен бұрын істі болғандардың басын біріктірген "ReStart" креативті конференциясы өтті. Тілшіміз Нұрсәуле Мұратқызы баяндайды.

РКС: "ReStart" жобасы 8 негізгі бағытты қамтиды.Бұл — жай ғана конференция емес, жастарды тыңдап, түсініп, жаңа жол ұсынатын алаң. Қылмыс жасаған, бірақ қателігін мойындаған жастар шығармашылық терапия, кәсіптік бағдар, менторлық жобалар арқылы қайтадан қоғамға орала алады. Сонымен қатар темір тордың ар жағынан босап шыққан жастардың ортада әлеуметтенуі жолында психологтар, жеке кәсіпкерлер, заң қызметкерлері бірлесе қызмет етуде.

СНХ: ЗАРИНА КЕНЖЕҒАР, ПСИХОЛОГ МАМАН: Ең бастысы, оларды жұмыспен қамту және де психологиялық тұрғыда және де бір қоғамда оларға көмек беруге сондай жоба. Енді психологиялық тұрғыдан қарасақ, ең бастысы, оларда таңдау деген нәрсе қиынға соғады. Неге десеңіз, олар белгілі бір режимде, белгілі бір жерде көп отырғаннан кейін олар әлеуметтік бейімделу қиын болады оларға. Сондықтан, ең бастысы, әлеуметтік бейімделу; қалай ортада өз-зін ұстау керек, қалай жаңағы заңгерлерден көмек сұрау керек және де отбасыларымен қарым-қатынас құру, үзілген қарым-қатынастарды қалыпқа келтіру, сондай-сондай сұрақтарды біздер енді ашып, толығырақ тағы да көмек қандай керек, соны сұрап, сол жағдайды алып, кейс ретінде талқылап, және де әрбір бостандыққа шыққан жастарға солардың потенциалдарын ашу.

РКС:Бағдарлама аясында бұрын сотталған жастар үшін психологиялық қолдау, "екінші мүмкіндік" стартаптары ашылуда. Бұл — оларға өз ойы мен тәжірибесін позитив арнаға бұруға берілген мүмкіндік. Басты мақсат — жастарды өзгертудің дәстүрлі емес жолдарын қолдану. Баспана, тұрақты жұмыс, әлеуметтену— осының бәрі олар үшін жаңа өмірге бастар көпір,-дейді ұйымдастырушылар.

СНХ: ӘСЕТ АХМАДИЕВ, ӘЛЕУМЕТТІК КӘСІПКЕР: Біз халықтың осал топтарын, атап айтқанда бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп шыққан жастарды жұмысқа орналастырумен айналысамыз.

РКС: Қазақстанда да көптеген елдердегідей рецидив проблемасы өзекті болып қала бермек. Қылмыстық сот төрелігі жүйесі арқылы өткен жастар жұмысқа орналасу, әлеуметтік байланыстарды қалпына келтіру және қоғамға оралу жолында кедергілерге тап болып жатады. "ReStart" диалог және нақты оңалту құралдары арқылы осы мәселелерді шешудің жаңа, практикалық тәсілін ұсынып отыр. Қоғам — қамал емес. Ол — ашық алаң. Ең бастысы — үміт отын өшірмеу. Бұл конференция — соның дәлелі. Үмітке жол: жастар мен жаңғыру — сенімнен басталады.

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ,КӨКШЕ АҚПАРАТ