ДИКТОР: Көкшетауда облыс орталығын дамыту мәселелері жөнінде арнайы кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Ақмола облысы және Көкшетау қаласының әкімдері қатысты. Кездесу барысында қаланы абаттандыру, инфрақұрылымды жақсарту және инвестициялық жобаларды іске асыру сияқты негізгі бағыттар талқыланды.
РКС: Кеңейтілген кеңеске облыстық және қалалық әкімдіктің өкілдері, бизнес құрылымдардың басшылары, мәслихат депутаттары мен салалық басқармалардың мамандары қатысты. Жиынның күн тәртібінде өңір дамуына қатысты ең өзекті және маңызды мәселелер қаралды.
СНХ: ӘНУАР КҮМПЕКЕЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Қазіргі уақытта ескі жағалауға қатысты жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Бұл бағыт назардан тыс қалмайды. Жағалау абаттандырылып, Сарыарқа ықшам ауданына дейін жалғасатын болады. Аталған аумақта «Көкше Сити» атты жаңа қалалық орталық салу көзделуде. Сондай-ақ көше жарықтарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, шамамен 350 жарық шамы ауыстырылды. Электр беру желілері де жөндеуден өтті. Жыл соңына дейін 145 аялдама павильонын орнату жоспарланып отыр, оның 128-і – стандартты, ал 17-сі – жылытылатын болады.
РКС: Қала әкімі биыл жолдар мен аулаларды жөндеуге бағытталған ауқымды жұмыстар жоспарланып отырғанын айтты. Жыл соңына дейін 116 аула жаңғыртылмақ. Бұл мақсатқа бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов кеңесте атқарылатын жұмыстардың жүйелі түрде жүзеге асырылуының маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, ол Көкшетау қаласын өңірдің тұрақты дамуының негізгі орталықтарының бірі ретінде айқындады. Оның айтуынша, қалаға ірі инвестор тартылған. Ынтымақтастық аясында «ақылды үй» жүйесінің элементтерін енгізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, бейнебақылау жүйелері цифрландырылып, алдағы уақытта жасанды интеллект технологиясына негізделген аналитикалық камералар орнатылады.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Қала аумағында екі ұшатын дрон мен бір мобильді дрон жұмыс істейтін болады. Мобильді дрон арнайы көлікке орнатылмақ және оған аула тазалығы мен қоқыс жағдайын бақылауға арналған арнайы бағдарлама жүктеледі. Пилоттық жоба аясында дрондар қаланың қай бөлігінде тазалық сақталмағанын автоматты түрде анықтап, ол аумақты қызыл белгімен көрсетеді. Бұл жүйеге менің өзім де тікелей қол жеткізе аламын. Осылайша, қаланың жалпы жағдайын үнемі бақылап отыру мүмкіндігі болады.
РКС: Жиын соңында қаланы дамытуға қатысты негізгі жұмыс бағыттары айқындалып, жауапты құрылымдарға тиісті тапсырмалар жүктелді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ