ДИКТОР: Целиноград ауданы Елордаға іргелес орналасқан өңір. Сондықтан аймақты дамытуға ерекше басымдық беріліп отыр. Ауыл шаруашылығы аудан экономикасының маңызды саласы. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 17 млрд. теңгеге жетті. Аудан экономикасына бес ай ішінде 34 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылды. Өзге де салаларда оң динамика байқалады. Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғали бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдында өңірдегі толағай табыстармен қатар, қордаланған мәселелерді де атап өтті.
РКС: Жалпы алғанда алдағы үш жылда 58 миллиард теңгенің 20 жобасын жүзеге асыру міндеті тұр. Олар іске асса 200-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады деген болжам бар. Бұл бастамалар аудан экономикасының дамуына айтарлықтай әсер етеді. Экосүт емдеу-профилактикалық өнімдері мен алкогольсіз сусындарды шығаратын 6 өндірістік кешеннің құрылысы ең ірі жоба. Құны 34 млрд. теңгеден асады. Ол 4 кезеңде жүзеге асырылмақ.
СНХ: ДАРЫН САБЫРҒАЛИ, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Экономикалық өсудің тұрақты қарқынын қамтамасыз етуге ауданның барлық базалық салалары елеулі үлес қосты: өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, шағын және орта бизнеспен ынтымақтастық жүргізілуде. Халықпен тұрақты диалог сақталуда. Барлық әлеуметтік қолдау көрсетілуде қазіргі таңда. Целиноград ауданында өнеркәсіптік және индустриалдық сектор белсенді дамып келеді. Өнеркәсіптің тау-кен өндірісі секторындағы нақты көлем индексі 254 пайызды құрады. Ал өңдеу өнеркәсібінде 134 пайызға жетті.
РКС: Туризм саласында да бірқатар инвестициялық жоба қолға алынды. Ыбырай Алтынсарин ауылының шекарасында «Агрохаб» және Қоянды ауылының шекарасында «Qoyandy» индустриялық аймақтарын құру жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен бизнеске мемлекеттік қолдау зор. Жыл басынан бері 47 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Көлік инфрақұрылымын дамытуға 19,5 млрд. теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа 23 елдімекенінде 25 жоба жүзеге асырылмақ. 4 ауылда көше-жол желісі салынып, 19 жол бөлігі күрделі жөнделеді. Жыл соңына дейін 55 шақырымнан астам жол асфальтталады. 27 елді мекен орталықтандырылған сумен жабдықталған. Өкінішке қарай 21 ауыл тіршілік нәрін тасып ішіп отыр. 24 ауылда 36 кешенді блок-модуль орнатылды. Былтыр Талапкер, Қажымұқан, Сарыадыр, Қараменді батыр, Преображенка және Жабай ауылдары қосымша 6 блок-модульмен жарақтандырылды.
СНХ: ДАРЫН САБЫРҒАЛИ, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Жыл соңына дейін 11 ауылды сумен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз: Аққайың, Родиа, Қараөткел, Төңкеріс, Нұресіл, Софиевка, Қызылсуат, Қабанбай батыр, Қараменді батыр, Талапкер және Қажымұқан. Қаржыландыру күтіліп отырған Ақжар, Тастақ және Қоянды ауылдарында сумен жабдықтау желілерін салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Сондай-ақ Жалғызқұдық, Жарлыкөл, Сарыкөл, Жаңесіл, Қосшоқы ауылдарын сумен жабдықтау үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу және Кенжебай кен орнынан Талапкер және Қажымұқан ауылдарына дейін топтық су құбыры құрылысының екінші кезеңіне арналған жұмыстар жүргізілуде.
РКС: Ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған газбен қамту міндеті де өзекті. Жыл басынан бері Нұрлы және Шұбар ауылдары табиғи газға қосылды. Қоянды, Аққайың, Талапкер және Ыбырай Алтынсарин ауылдарын да жыл соңына дейін орталықтандырылған газбен жабдықтау жұмысын аяқтау жоспарлануда. Ал келер жылы «көгілдір отын» Қаражар, Қызылсуат және Қараөткел ауылдарына келеді. Бірқатар елдімекендерде электрмен жабдықтау желілерінің құрылысын уақытылы қаржыландыру арқылы аяқтау жоспарлануда. Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау басым бағыттардың бірі. «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында Жаңаесіл ауылындағы ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөңдеу жұмыстары жалғасуда. Астана агломерациясын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспарына сәйкес Қараөткел, Қоянды, Талапкер, Ақмол, Қажымұқан, Арайлы, Рахымжан Қошқарбаев және Қызылсуат ауылдарында жаңа мәдениет үйі салынады. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 16 медициналық мекемені пайдалануға беру жоспарлануда. Аталған нысандар қолданысқа берілсе халықтың медициналық қызметтерге қолжетімділігін едәуір жақсартады.
БЕЙБАРЫС ШАЛАБАЕВ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.