ДИКТОР: 28 маусым - бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби мерекесі. Осы атаулы күн қарсаңында Көкшетауда журналистерге арналған салтанатты шара ұйымдастырылды. Шара барысында ақпарат саласында абыройлы еңбек етіп жүрген сала мамандары құрметке бөленіп, түрлі марапатқа ие болды.

РКС: Журналистің жегені - жантақ, арқалағаны - алтын. Билік пен бұқараны жалғап, шынайы ақпарат тарататын қаламгерлер күн-түн демей еңбек етеді. Салтанатты шара барысында облыс әкімі Марат Ахметжанов барша журналистер қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, уақытпен үндесіп, қоғаммен бірге тыныстап, ел мүддесі үшін аянбай еңбек етіп жүрген журналистердің еңбегін ерекше атап өтті.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Қазіргі таңда бұқаралық ақпарат құралдары халықтың әл-ауқатын арттырып, еліміздің өркендеуіне бағытталған басты мақсаттарға қол жеткізу жолында қазақстандық қоғамның біріктіруін қуатты құралына айналды. Бүгінде сіздер ойлаудың жаңа индикаторы болып, қоғамның жаңа санасын, жаңа мәдениетін қалыптастырып отырсыздар. Бұл қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік. Президенттің бастамасымен жасалып жатқан игілі істердің артында өздеріңіз тұрсыздар. Себебі оны халыққа көрсетіп, халықтың көкейкесті мәселелерін бізге жеткізіп, содан біз сабақ алып, сол кемшіліктерді жойып, болашаққа бағдарлама жасап отырмыз.

РКС: Салтанатты шара барысында отандық журналистиканы дамытуға қосқан елеулі еңбегі үшін бір топ сала маманы «Парасат» және «Құрмет» ордендерімен, сондай-ақ «Еңбек ардагері» медалімен және «Халықтар достығы» арнайы орденімен марапатталды. Сондай-ақ ақпарат айдынында қалам тербеп жүрген бір топ журналистке Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ақмола облысының Алғыс хаттары табысталды.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: ҚАЙЫРБАЙ ТӨРЕҒОЖА, «ҚҰРМЕТ» ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ, «АРҚА АЖАРЫ» ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКТОРЫ: Маған да бүгін ерекше күн болып тұр. Өйткені Ақмола облысы әкімінің қолынан жаңа үлкен мемлекеттік награда алып, сол үшін толқып, қуанып тұрмын. Алда да осындай жоғары наградаларды біздің журналистер, әріптестеріміз ала берсін. Өйткені журналистикада, баспасөзде істеп жүрген әрбір адамның еңбегі адал. Біздің де журналистер елдің игілігі үшін үлкен жұмыстар атқарып жатыр. Осы жолда бәріне табыс тілеймін!

РКС: Марапатталғандардың қатарында «Көкше» телеарнасының өкілдері де бар. Телеарнаның жетекші дизайнері Шоқан Тәукиев Ақмола облысы әкімінің Алғыс хатын иеленді. Ақпарат саласында ширек ғасырдан астам адал еңбек етіп, өз ісіне зор жауапкершілікпен қарап, кәсіби міндетін жоғары деңгейде атқарып жүрген Мақпал Айбабина «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

СНХ: МАҚПАЛ АЙБАБИНА, «KOKSHE» ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ РЕДАКТОРЫ: Біздің алған сұхбаттарымыз, эфирге дайындалған хабарларымыздың қоғамға, жалпы көрермендерге пайдасы тиіп жатса, қандай да бір мәселе өз шешімін тауып жатса, сол біз үшін үлкен жеңіс үлкен марапат. Бұл марапат бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Әсіресе, телеарнада жалғыз журналистің қолынан еш нәрсе келмейді. Масс-медиа қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен әріптестерімді құттықтаймын. Осы марапатқа ұсынған басшылыққа алғысым шексіз.

РКС: Бұдан бөлек, 16 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан өңірлік журналистер арасында өткізілетін «Арқа төрі - Ақмола» байқауында 10 номинация бойынша үздік деп танылған материал авторлары ақшалай сыйлықтарға ие болды. Олардың қатарында әріптестеріміз Арайлым Шытырымбек, Нұрсәуле Мұрат, Вероника Цветкова, Қайырбек Төлегенов, Евгений Варанкин, Эльмира Оспановалар бар. Салтанатты шара концерттік бағдарламамен ұласты.

ИНТЕРШУМ:

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ