ДИКТОР: Ақмола облысы Зеренді ауданына қарасты Қызылсая ауылының білім ошағы маусымның 21-де 100 жылдығын атап өтті. Бір ғасыр бұрын іргесі қаланған бұл мектеп – талай ұрпақтың алтын бесігіне, ұмытылмас ұясына айналды. Бір ғасыр — бір ғұмыр. Ғасырға жуық уақыт ішінде талай буынның қимас ұясына айналған.

РКС: Жүз жылдық тарихтың парақтарында осы киелі шаңырақтың мыңдаған шәкіртінің табанының ізі, қияға қанат қаққан арман-жолы жатыр. Кезінде ауылдың шағын ғана оқу орны болып ашылған бұл мектеп бүгінде елге танымал білім ордасына айналды. Бұл ғимараттың әр кірпіші – тарихтың үнін, әр қабырғасы — ұрпақтар аманатын сақтап тұрғандай. Атаулы шараға арнайы келген Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Ботакөз Дүйсенова құттықтау сөз сөйлеп, мектепке тач панельді сыйға тартты.

СНХ: БОТАКӨЗ ДҮЙСЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Әрине осы жылдар аралығында қаншама түлектер осы алтын ұя мектебінен ұшып, бүгінгі күні Қазақстанның, алыс- жақын шетелдерде қызмет етіп жатқан азаматтар бар. Сондықтан да бұл ауыл тұрғындары үшін, мектеп тек қана білім ордасы емес, сонымен қатар мәдениет ошағы. Білім мен тәрбиенің қара шаңырағы. Осы қара шаңырақтан түлеп шыққан қаншама қоғам белсенділері бар. Қоғам қайраткерлері бар. Қаншама мемлекеттік қайраткерлер бар. Әр салада, бизнес салаларында қызмет етіп келе жатқан осы ауылдың адамдары бар. Алпыстан астам ұшқан түлектердің басын қосып, ауылдың педагогикалық ұжымы, ауыл белсенділері бар, керемет осы тойды жасап жатыр. Сондықтан ұзағынан болсын дегім келеді.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Көкжиекке көз тастасаңыз, толқындап жатқан сайын дала, ал сол даланың төсінде — ғасырлық тарихты арқалаған Қызылсая ауылының білім ошағы. Бір ғасыр — талай тағдыр тоғысқан, талай ұрпақ түлеген уақыт. Бұл мекен — шежіреге толы шынарлы шаңырақ секілді. Бұл елді мекеннің жастары туған ауылын көркейтуге белсенді атсалысып келеді. Ғасыр тойына орай мектептің әр жылғы тәмамдаған түлектері тарту сыйларын табыстады. Білім ордасының өткеніне көз жүгіртетін мектеп музейі де жаңартылды. Мектептің мерейтой аясында ауылда үлкен мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Қызылсая – менің туған жерім, балалық шағымның куәсі. Осы ауылдың тарихын білу – мен үшін мақтаныш,-дейді мұхит асып келген Германияның азаматы Бокк.

СНХ: АЛЕКСАНДР БОКК , ГЕРМАНИЯДАН КЕЛГЕН ТҮЛЕК: Қызылсая мектебін бітіргеніме 43 жыл болды. Сол міне биыл 100 жылдығына келіп отырмын Германиядан.Сол енді, елді сағынып дегендей. Бүгін сондай күн қуаныш қаншама. Түлектер бар осы ауылда, ағаларым,апаларымды көріп күшті қуанып отырмын. 95 жылы Германияға көшіп, 30 жыл Германияда тұрып жатырмын. Қазақ тілде үйде сөйлейміз. Менің үлкен ұлым осы мектепті оқыған бірінші класты. Сол қазір немерелі болып жатырмын. Сол немерелеріме асық ойнатып,асық ойнаймын немерелеріммен. Қазақ дәстүрін ұмытып жатқан жоқпыз. Жылқы соямыз. Жылқының етін жеп жатырмыз. Сол бәрі жақсы. Бүгінгі 100 жылдық мерекесі қайырлы, құтты болсын. Ұстаздарыма көп-көп рахмет айтамын. Сондай білім беріп,тәрбие берген. Сол тәрбиемен қазір жүріп жатырмыз. Қазір балаларымызға сол тәрбиені беріп жатырмыз.

РКС: Ғасырлық тарихы бар білім ордасының мерейлі тойы — тек өткеннің шежіресі емес, болашаққа бастар жарық жолдың бастауы. Бұл — парасаттың парағы ашылған, тағылым мен тағзымның тоғысқан ұлы сәті.Бір ғасыр — сан буын шәкірттің арманын ұштап, еліміздің еңсесін биіктеткен алтын арқау. Ұстаздың мейірі мен шәкірттің үміті тоғысқан қасиетті қара шаңырақтың ғасырлық ғұмыры — тұтас ұлттың рухани қазынасы. Бүгінгі мереке — тек мектептің ғана емес, тұтас елдің мерейі.

ИНТЕРШУМ:

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ