ДИКТОР: Көкшетауда Қазақстан полициясы күніне орай POLICE RUN марафоны өтті. Іс-шараға 500-ге жуық қатысушы жиналды. Алғаш ұйымдастырылып отырған ауқымды спорттық шара облыс орталығының орталық алаңында өткізіліп, жиналған жұртшылықтың көңілінен шықты.

РКС: Марафон аясында қатысушылар қала көшелері мен жағалау бойымен 6 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтті. Жарыс басталмас бұрын дене қыздыру жаттығуы өткізілді. Марафонның ресми ашылуында Ақмола облыстық полиция департаментінің бастығы Нұрсұлтан Мұқашев қатысушыларға сәттілік тілеп, шараның басталуына белгі берді.

СНХ: НҰРСҰЛТАН МҰҚАШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТМАЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ: Бүгін сіздер қашықтыққа тек құқық қорғау органдарының өкілдері ретінде ғана емес, сонымен қатар қоғамға үлгі бола отырып, қала тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен айналысуға ынталандырасыздар. Еңсерілмейтін кедергі жоқ.

РКС: Спорттық шараның қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға естелік медальдар табысталды. Ерлер арасында Михаил Скрипкин жеңімпаз атанды. Ол он жылдан бері шаңғы жарысымен айналысып, түрлі деңгейдегі марапаттардың иегері. Әйелдер арасында Көкшетау қалалық жедел басқару орталығының инспекторы, аға лейтенант Людмила Яновская үздік нәтиже көрсетті.

СНХ: МИХАИЛ СКРИПКИН, POLICE RUN МАРАФОНЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ: Облыстық полиция департаменті ұйымдастырған ауқымды марафон жайлы естіп, бірден қатысуға бел будым. Шаңғы жарысымен он жылдан бері кәсіби түрде айналысып келемін. Қазақстан чемпионымын. Спорт шеберіне үміткермін. Бүгінгі жарыстың деңгейі жоғары болды. Жүгіру - менің жаныма жақын хоббиім. Ұйымдастырушыларға осындай маңызды әрі әсерлі спорттық шара өткізгені үшін алғысым шексіз.

СНХ: ЛЮДМИЛА ЯНОВСКАЯ, POLICE RUN МАРАФОНЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ: Бүгін ерекше әсер қалдырған тамаша марафонға қатысу мүмкіндігі бұйырды. Қарсыластарымның бәрі мықты, дайындықтары жоғары деңгейде болды. Соған қарамастан, бар күш-жігерімді салып, жеңіске қол жеткіздім. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш. Барша полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, табыс және жаңа жетістіктер тілеймін. Спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстанайық!

РКС: Спорттық шара жүлделер ұтысымен және концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, POLICE RUN марафоны тек спорттық дода ғана емес, сондай-ақ қоғам мен полиция арасындағы сенімді нығайтып, тәртіп сақшыларының ашықтығы мен бірлігін айғақтаған маңызды қоғамдық шара.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ