ДИКТОР: Аршалы ауданында республикалық маңызы бар «AQMOLA» индустриялық аймағының іргетасына капсула салу рәсімі өтті. Салтанатты шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қатысты.

РКС: Аумағы 1 мың гектарға жуық индустриялық аймақ Елордаға жақын орналасқан. Жаңа зауыттар мен өндіріс ошақтарын ашуға қолайлы барлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген өңір. Қазір мұнда 1 триллион теңгеден асатын инвестициялық 7 жоба жүзеге асырыла бастады. Қазақстаннан бөлек, Қытай, Түркия, Сингапур елдерінен инвесторлар бар. Бұл жобалар аясында 4,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылады деген болжам бар. Жаңа индустриялық аймақ өңір экономикасының дамуына серпін береді. Екіншіден, елді индустрияландыру мен инвестиция тарту жөніндегі ұлттық стратегиясында маңызды роль атқармақ.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Ең бірінші терең өңдеу керек бізге шикізатты. Біз астық алқабы болғасын, ең бірінші 4-5 компания болды, ішінде ең тиімді, ең озық технологиясы бар, ең әлеуметтік жауапкершілігі бар компания деп таңдадық. 5-6-ының ішінен осы компанияға тоқтадық. Тыңайтқыштар шығаратын бізге өте қажет, дәл біздің аймаққа керекті инвесторларды алып келдік. Астана елорда болғасын, ол жерге ле Астана агломерациясында тұрған аймақ болғасын, қалаға да кірпіш шығаратын зауыт керек, Еуропада шығатын озық технологиямен оның сапасы да мықты. Оның технологиясы да мықты. Содан бізге қаржы келеді, қаржы келген кезде, халықтың әлеуметтік жағдайы, тұрмысын жақсартуға Президенттің қойып отырған талабы осы.

РКС: «AQMOLA» индустриялық аймағының іргетасына капсула салу рәсіміне қатысқан Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бұл жобаның еліміз үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

СНХ: АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ: Бұл жобалар тек өңір экономикасының ғана емес, тұтас еліміздің индустриясымен инвистициялық стратегиясында да және ауыл шаруашылығына оң әсер береді. Сонымен қатар фермерлердің шетелдің техникаларын сатып алу тәуелділігін азайтып, заманауи жабдықтарды қолдануға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығында көп өзгерістер бар. Осыған біз барлығымыз қатысып, әрі қарай жұмысымызды жалғастырсақ, осындай үлкен инвестпроектыларға үлкен қолдау бар.

РКС: Іске асырыла бастаған жобаның бірі – бидайды терең өңдейтін өндірістік кешен. Қытайлық компания жобаны 2025-2028 жылдар аралығында үш кезеңмен жүзеге асырмақ ниетте. Алғашқы кезеңде натрий глутаматы, глютен ұнтағы және қосалқы өнімдер өндірісі іске қосылады. Қазір инвестор бизнес-жоспар әзірлеп, қажетті құжаттарды дайындау жұмыстарын бастады.

СНХ: ТАЛҒАТ ЛӘЗЗАТҰЛЫ, ҚЫТАЙ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ: IGL компаниясы бізде 25 процент, Қытайдың акциясы 75 процент Сингапурлық инвесторлар. Бұйырса осы жобаны қолға алып кіргелі жатыр. Мұнда үш түрлі зауыт болады. Кірпіш зауыты, алюминий есік терезе, су өткізбейтін рулондағы строительный материал болады. Жалпы 110-130 адамды қамтамасыз етеді. Соңғы технологиялармен жабдықталған жаңа өнімдерді сапалы, отандық өнімдерді ортаға салуға күш салатын боламыз. Жобаның ерекшелігі бұл соңғы технологиялар. Аз адамның күшімен көбірек өнім шығаруға күш саламыз. Өнімге аз да болса өз күшімізді салсақ деген ойдамыз.

РКС: Клинкер өнімін шығаратын зауыттың құрылысын отандық инвестор 2027 жылдың соңына дейін жүзеге асырады. Ал агрохимиялық тыңайтқыштар мен пестицидтер шығаратын агрохимиялық кешен салуды түркиялық компания қолға алмақ. Сұйытылған табиғи газ өндіретін зауытты «Қазақ мұнай және газ институты» акционерлік қоғамы салады. Жаңа технология газды 600 есеге дейін сығуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жерде көлік-логистикалық орталық, ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын зауыт та бой көтермек. Қытайлық компания құрылыс саласына қажетті материалдар шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ