ДИКТОР: Ақмолалық медбике халықаралық Флоренс Найтингейл жоғары марапатына ие болды. Бұл марапат әлем бойынша мамандықтың ең лайықты өкілдеріне адамның өмірін, қадір-қасиетін және денсаулығын қорғауға қосқан ерекше үлесі үшін беріледі. Әлия Бөкенова 40 жылға жуық өмірін мейірбике ісіне арнаған жан. Ол облыстық көпсалалы ауруханасы онкологиялық орталығының мейірбикесі. Оның өмір жолы туралы тілші материалында.

РКС: Зеренді ауданының тумасы. Жастайынан осы мамандықты армандаған. Білімнен бөлек, жүректің мейірімділігі қажет мамандық. Балалық шағының қызықтарын қағаз бетіне түсірген кезде Әлия Бөкенова адамдарға көмектескім келеді деп жазған екен. Оның осы ізгі тілегі қабыл болып, өмірлік кредосына айналды. 1982 жылы медицина колледжіне оқуға түсіп, оны «Фельдшер» мамандығы бойынша бітіріп шықты. Еңбек өтілінің алғашқы 14 жылын жедел жәрдемнің фельдшері мамандығына арнады. Одан соң Көкшетауға қоныс аударып, 2000 жылдан бері облыстық көпсалалы ауруханасының онкологиялық орталығында еңбек етіп келеді.

СНХ: ӘЛИЯ БӨКЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМШЕ МЕЙІРБИКЕСІ: Мамандығым – менің Алла берген қабілетім деп білемін. Тіпті бірінші сыныпта оқып жүргенде-ақ мен өзімнің күнделігіме мейірбике болам деп жазатыным есімде. Өйткені, менің туғандарым, атам да адам емдейтін, емшілік қасиеті болды. Анам да дәл солай болды. Әр жұмыстың өз қиындығы болады. Жаныңды салып істегенде, оған алғыс естісең, одан асқан бақыт жоқ. Сырқаттардың жазылып шығып жатқанын көргенде өзіңнің соған қосқан үлесіңді сезінесің.

РКС: Әлия Бөкенованың жалпы еңбек өтілі 40 жылдан асады. Осы уақыт аралығында ол өзін білікті маман ретінде көрсете білді. Қашан да маңайына шуақ шашып жүреді. Білгенін үйретуден жалыққан емес. Әріптестері өте мейірімді екенін айтады. Пациенттерге ерекше мейіріммен қарайды, ауысымда бірге еңбек ететін әріптесіне де қолдау білдіруден жалыққан емес.

СНХ: ГҮЛНӘР ҚАСЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМШЕ МЕЙІРБИКЕСІ: Әріптесіміз Әлия Төкенқызының онкологияда жұмыс істеп жатқанына ширек ғасырдан асты. Қызметкер ретінде өте мейірбан жан. Пациенттері үшін жаны ашып тұрады. Әріптестерімен тығым өзара байланыс орнатуда да көпшілігімізге үлгі.

РКС: Өз ісіне адал әрі сырқаттарға көмек көрсетуге батыл қадамдарға баратын Әлия Бөкенова бұл марапат мейірбикелер үшін ең жоғары награда екенін мақтанышпен жеткізді.

СНХ: ӘЛИЯ БӨКЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМШЕ МЕЙІРБИКЕСІ: 12 мамырда мен Флоренс Найтингейл медалімен марапатталдым. Оған мені лайықты деп таныған басшылығыма алғысым шексіз.Бұл марапатқа облыс бойынша иеленген жалғыз мен ғанамын.

РКС: Оның үлгісінде жай ғана мейірбике емес, осы өмірге өзінің миссиясымен келген абзал жан екенін көруге болады. Күн сайын азаматтарға қамқорлық көрсетуге асығады. 40 жылдың қалай сырғып өткенін де аңғармай қалдым,-дейді кейіпкер.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ