ДИКТОР: Олар көлеңкеде қалады. Аты-жөні көпшілікке беймәлім. Бірақ олардың еңбегі – әділет үшін күрестің негізгі бөлігі. Бұл – криминалистердің әлемі. Көкшетау қалалық полиция басқармасының криминалист бөлімінде қызмет етіп келе жатқан жас маман Айым Әмірханова туралы бірі білсе,бірі білмейді. Нәзік жандылар бара бермейтін қылмыс әлемінің құпиясын ашуда ерлермен иық тіресе қызмет атқаруы үлкен жауапкершілікті қажет етеді.
РКС: Бір қарағанда – көзге көрінбейтін ұсақ бөлшектер. Бірақ дәл осы белгісіз іздер талай қылмыстың бетін ашуға көмектеседі. Криминалист үшін әрбір ұсақ-түйек маңызды. Айым Әмірханова криминалистика саласында бір жарым жылдан астам еңбек етіп келеді. Оның қатысуымен талай ауыр қылмыс ашылды. Әрбір іс – үлкен жауапкершілік. Біз үшін ең бастысы – әділеттің орнауы. Қылмыскер жазасын алып, кінәсіздер ақталуы керек, – дейді ол. Қарапайым темір жол саласы қызметкері мен балабақша тәрбиешісінің отбасында дүниеге келген Айымның болашақ мамандыққа қызығушылығы бала кезінен басталған.
СНХ: АЙЫМ ӘМІРХАНОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ КРИМИНАЛИСТІ: Жалпы менің өзімнің жеке қатысуыммен 100-ден аса істерге қатысқанмын, енді қылмыстық істерге. Менің жеке өзімде 4 допускым бар. Ол дактилоскопия, суық қаруды зерттеу, боллистикалық және де трасологиялық зерттеу негізінде болып табылады. Жалпы осы 4 негізде іздерді табу, яғни, қол іздерін, саусақ іздерін, аяқкиім іздерін және жеке осы қылмыстық іске қатысты ДНК іздері, яғни, биологиялық заттардың барын анықтау негізінде қылмыскерді анықтай аламыз.
РКС: Қылмыс орнында қалған әрбір із – үнсіз куәгер. Саусақтың, аяқ киімнің ізі, шаш талшықтары – бәрі айғақ. Тек оны сөйлетіп, оқи білу керек. Бұл – криминалистің жұмысы. Айым Қарағанды қаласындағы Бәрімбек Бейсенов атындағы академиясының криминалистика факультетін тәмамдап, алғашқы еңбек жолын туған өлкесі Көкшетауда бастайды. Негізгі қызметінен қолы қалт еткенде спорт залға баруды әдетке айналдырған. 2014 жылдан бері таеквондамен кәсіби түрде айналысып, Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері. Спорт шеберлігіне кандидат та болып үлгерген. Айым Әмірханованы әріптестері де кәсіби маман ретінде жақсы бағалайды.
СНХ: БОТАГӨЗ ХАМИТОВА, АҒА КРИМАЛИСТ: Осы жедел криминалистика бөлімінде 10 жылдан астам жұмыс істеп келе жатырмын. Айым Амантайқызы жұмыста жауапкершілігі зор. Жас маман болса да әрбір іске асқан жауапкершілікпен қарайды. Тергеу ісінде, әсіресе айғақтық заттарды зерттеу негізінде өзін білікті маман ретінде көрсетеді. Өзі жас маман болса да адамгершілігі зор, мейірімді сондай әдемі жақсы қыз.
РКС: Криминалист – қылмыстың көрінбейтін шындықтарын ашатын маман. Олардың еңбегі – әділеттің жаршысы. Айым Әмірханова осы салада өзін әлі де жетілдіре түссем деген ниетте.
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ