ДИКТОР: Ақмола облысында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру орталықтарының жұмысы қыза түскен. Биыл 130 мыңға жуық бала жазғы лагерьлерде демалады деген болжам бар. Ресми деректерге сүйенсек, облыс аумағында мемлекеттік 10-нан астам лагерь бар. 2020 жылдан бастап санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмеуіне байланысты облыстық білім басқармасына қарасты «Сокол» балалар сауықтыру орталығының жұмысы тоқырап қалған еді. Араға бес жыл салып, күні кеше аталған орталық балаларды қабылдауды бастады. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан АйтБаев салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

РКС: Лагерь «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан. Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасына сәйкес «50 балалар сауықтыру лагерін құруды» іске асыру аясында орталық қалпына келтірілді. Өткен жылдың тамызында аталған сауықтыру орталығы «Нұрмұқанов» жеке кәсіпкерлігіне меншікке беру құқығынсыз15 жылға сенімгерлік басқаруға берілді. Қысқа мерзімде орталық толығымен жөндеуден өткізілді. 6 гектардан астам аумақ адам танымастай өзгерді. Осылайша балалар үшін қауіпсіз әрі жайлы орта жасақталды. Мұнда балалардың таза ауада, табиғат аясында серуендеп, көлге шомылуына, түрлі ойындар ойнап, денсаулықтарын нығайтуларына жан-жақты жағдай жасалған. Сауықтыру орталығының ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев қатысып, балаларға аймақ басшысының жыл лебізін жеткізді.

СНХ: ДОСҰЛАН АЙТБАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Біздің облысымыздың әкімі Марат Мұратұлы Ахметжановтың атынан, сіздердей балақайларға үлкен-үлкен сәлемін жеткізгім келеді. Өзі де жақын арада келіп-кетуі мүмкін. Ал бізде бұндай лагерь, білесіздер, табиғаты – керемет өңір, Ақмола өңірі! Осылардың барлығы сіздер үшін жасалған. Соның алғашқы өтіп жатқан қонақтары, бүлдіршіндер, – мінеки, өздеріңсіңдер. Сіздер сияқты мен де бала болдым. Сондықтан, бәрін білемін. Барлығыңызды осы салтанатты ашылу рәсімімен құттықтаймын!

РКС: Сауықтыру орталығында бір ауысымда 320 бала демала алады. Негізінен әлеуметтік осал топтың санатына жататын отбасының балалары қамтылмақ. Осы ауысымда 200-дей бала сондай отбасының балалары. Алғашқы бетте бір-біріне жатырқай қарағанымен, сәлден соң бір-бірімен шүйіркелесіп, ойын баласына айналып шыға келгенін аңғаруға болады.

СНХ: НАРИМАН СҮЙІНІШЕВ, ДЕМАЛУШЫ: Келген кезде мен ойладым: қызықсыз болады, ата-анамды қатты сағынамын деп. Бірақ, қатты сағынбадым. Маған осы лагерьде ең қатты ұнаған вожатый – Еркін вожатый. Батырбек Евгениевич бәрімізді всегда қолдайды. Еш жерде қалдырмайды. Осы лагерьге келдім, қуанамын. Рахмет! «Сокол» лагерінде демалу маған қатты ұнайды! Сендер де осы «Сокол» лагеріне демалуға келіңдер!

РКС: Айта кетейік, Ақмола облысы мемлекеттік ұлттық 3 табиғи паркпен астасып жатқан жалғыз өңір. «Сокол» балаларды сауықтыру орталығының басшысы Арғын Азбаев лагерьдің ерекшелігіне тоқталып өтті. Орталықтың негізгі ерекшелігі – табиғат аясындағы сауықтыру шарасы. Түрлі дертке шипа аймақ. Алдағы уақытта сауықтыру орталығы жыл бойы үздіксіз балаларды қабылдауды жоспарлап отыр.

СНХ: АРҒЫН АЗБАЕВ, «СОКОЛ» БАЛАЛАРДЫ САУЫҚТЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Қыста орманда серуендеу, шаңғы, шана тебуді ұйымдастырсақ па деп отырмыз. Жақын маңдағы Айыртау көлінде мұз айдынын жасасақ деген ойымыз бар. Спорттың қысқы түрлерін ұйымдастыруға мүмкіндік мол. Жоспар көп. Жеткен жетістігімізбен тоқтап қалмаймыз. Басқа лагерьлермен де тәжірибе алмасуға дайынбыз.

РКС: Жазғы демалыс орны – көңіл-көтеру ғана емес, мұнда балаларды пайдалы дүниелерге машықтандыруды да мақсат еткен. Тіл үйренуге де болады. Ақмола облысының аумағында жұмыс істеп тұрған орталықтың қатары тағы да бес лагербмен толықпақшы. Сауықтыру орталығында жасалған жағдай балалармен жұмыс істеуге келген тәлімгерлердің де көңілінен шықты.

СНХ: ФАРИЗА ДАНИЯР, «ДУМАН» ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЖАСАҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Мен «Думан» педагогикалық жасағынан боламын. Бұл бізде бірінші ауысым қазір. Асхананың тамақтары, корпустар, барлығы – жылы, рахат, жаңа. Сол себепті, балаларға қатты ұнап жатыр. Өйткені, дос тауып жатыр. Мен өзім негізі бірінші рет келуім.

РКС: Балалардың жазғы демалысы кезінде мұнда 6 ауысым ұйымдастырылмақшы. 8-бен 15 жас аралығындағы 2 мыңнан астам бала демалады деген болжам бар. «Сокол» балаларды сауықтыру орталығы осылайша, балалардың балғын шағын қызықты сәттерге толтырмақ ниетте.

БЕЙБАРЫС ШАЛАБАЕВ, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ