ДИКТОР: Әр адамның жүрегінде ерекше бір мекен бар. Ол - отбасы. Талай тағдыр осы қасиетті ұяда өріледі. Әлемді нұрға бөлейтін мейірім де, махаббат та, мықтылық та - осы шағын ғана ошақтан басталады. Өсіп келе жатқан ұрпаққа ең алдымен отбасылық дәстүрді, құндылықтарды сіңдірудің бағдарламасы да бар. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы отбасы және әйелдері істері жөніндегі ұлттық комиссия отбасы құндылығы мен отбасы институтының қалыптасып, дамуы жолында игі істер атқарып жатыр. Баянды істерге мұрындық болып жатқан комиссия жұмысы жақсылықтың нышаны. Бабаларымыздан қалған ұлы үрдіске бүгінде ғылыми тұрғыдан қаншалықты мән беріліп жатыр? Әріптесім Сәния Есімсейітова баяндайды.
РКС. Қазақ халқы тамыры терең ұлы даланы мекен еткен кешегі сақ пен ғұннан таралатын үлкен алаш жұрты. Ұлан ғайыр даланы мекен еткен біздің ата-бабаларымыздан қалған ұлағат, солардан қалған бойтұмар іспеттес, қаншама әдет-ғұрыптар, салт- дәстүрлер бүгінгі күні жаңғыру үстінде тұрған сияқты көрінеді. Тәуелсіздік алған кезден бастап ұлттық құндылықтарға ерекше көңіл бөлініп келеді. Отбасы - ұлттың өзегі, мемлекеттің тірегі. Қарапайым бір үйдің қабырғасынан тұтас ұлттың тағдыры бастау алады. Қазақ халқы ежелден-ақ отбасы құндылығына ерекше мән берген. "Отан - отбасынан басталады" деген сөздің өзі соның дәлелі.
СНХ: БАҚЫТ СМАҒҰЛ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ: Бұл жаңағы атаның ұлағаты, әженің өнегесі деген мәселеде керек сияқты. Өйткені қазір біздің өсіп келе жатқан ұрпағымыз елдің тірегі, қорғаны болатындай тәрбие керек. Қаншалықты адам білімді болғанымен оның осал тұс жақтары болады. Сондықтан өсіп келе жатқан ұрпаққа негізінен отбасы тәрбиесінде, әсіресе ата мен әженің, ана мен әкенің орны маңызды. Өйткені атаның ұлағатын сезген ұл ертең ұлы істерге аяқ басады деген ол енді біздің ата-бабаларымыздан қалған үлкен дәстүр. Сондықтан да мен ойлаймын қазіргі кезде біздің ата-әжелеріміз осыған көбірек мән бермей келе жатқан сияқты. Бұл енді отбасы мәселесі деп, ата-мен әжеге, әке мен анаға ғана асып қоймай, сол ұлттық құндылықтарымызға қарай бет бұратын сол мәселелерді қоғамда көбірек насихатталатын мәселе болу керек.
РКС: Ата - шаңырақтың тірегі, ана - отбасының жүрегі. Бала - сол тірек пен жүректің үміті. Үш буынның үндестігі - берекенің бастауы. Бүгінгі күні жаһандану дәуірінде небір құндылықтар өзгеріске ұшырап жатқанда, бізге қажеті - тамырымыздан алыстамай, сол ұлттық тәрбиені, отбасының қадірін ұрпақ санасына сіңіру. Өйткені отбасы - тек туыстық байланыс емес. Ол - мейірім мектебі, ол - адамгершілік сабағы, ол - тұлға тәрбиелейтін алтын бесік.
СНХ: АЛМАСБЕК БЕГЗАН, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ӘКЕЛЕР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Қазақ халқында отбасына келін түсетін болса, сол келінді бөлек отау болып шығаруы, одан тараған балалардың да әжелердің қолында өсуі, қарап отырсаң, Шоқанның Айғанымның қолында өсуі, Абайдың Зеренің қолында өсуі яғни отбасында атаның тәрбиесін, әженің тәрбиесін көруі, осы отбасындағы ең үлкен құндылықтардың бірі болып саналады. Отбасындағы құндылықтар, әкеге деген, анаға деген құрмет. Осындай құрмет негізінде отбасының нығаюы.
РКС: Отбасы мықты болса - ел де мықты. Ертеңі жарқын ұрпақ - бүгінгі тәрбиелі шаңырақтан түлеп ұшады. Бәріміз де сол бір ыстық ұяны сағынамыз. Себебі ол - өміріміздің ең алғашқы, әрі ең қымбат мекені. Отбасы - мәңгілік құндылық.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ