ДИКТОР: Марал – Қазақстан фаунасының мақтанышы, бұл айбынды жануарлар көз қуантып қана қоймай, адам денсаулығына пайдасы зор екенін білетіндер аз. Бурабай ауданында бірегей марал шаруашылығы жұмыс істейді. Мұнда тек асыл тұқымды бұғыларды тамашалап қана қоймай, мүйізге негізделген сауықтыру курсынан өтуге болады.

РКС: Айналасы қарағаймен қоршалған, қаланың у-шуынан алыс жерде 300-ге жуық марал мекендеген шаруашылық бар. Олардың барлығы марал өсіру дәстүрімен танымал Шығыс Қазақстан өңірінен әкелінді. Марал мүйізі халықтық және дәстүрлі медицинада ежелден қолданылып келеді. Шаруашылықта арнайы емдеу бағдарламалары бар, мұнда жергілікті тұрғындар ғана емес, шетелден де қонақтар келеді.

СНХ: АҚБАЯН БӘЙІШЕВА, ДЕМАЛУШЫ: Мен негізі Қостанай қаласынан келіп тұрмын. Осы әдемі Бурабайдың табиғатын көру үшін, інім бізді бала-шағасымен осы марал фермасына қыдыртып алып келді. Өте әдемі жер екен. Мынау маралды көріп, қуанып қалдық. Бұл жерге адамдар көп келіп жатыр екен. Бұрын-соңды мұндай жер бар екенін білмеппін. Өзім де алғаш рет естіп тұрмын. Жақсы, әдемі, керемет. Мұндай жерлерді дамыту керек деп ойлаймын. Адамдар көбірек келуі керек. Табиғатты қорғауымыз қажет.

РКС: Шаруашылықта сіз өзіңіздің денсаулығыңызды жақсартып қана қоймай, таза ауамен тыныстап, жануарларды, сұлу табиғатты тамашалап демаласыз. Мұнда бәрі адамның физикалық және эмоционалды жағдайын қалпына келуі үшін жасалған.

СНХ: БОТАГӨЗ БОРАНҚҰЛ, ЭКСКУРСОВОД: Біз күн сайын демалушыларға маралдарды көрсетіп, экскурсия жүргіземіз. Шетелден туристер өте көп келеді. Біз оларға қазақтың құндылықтарын көрсетуге тырысамыз. Әсіресе демалыс күндері 100 адамға дейін қабылдаймыз. Жұмыс күндері мұнда шамамен 50-60 адам келеді.

РКС: Бірегей ферма бүгінде экотуризм мен шипалы табиғат үйлескен нағыз демалыс орнына айналған.

МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ