ДИКТОР: Көпшілігіміз күнделікті күйбең тірлікте бір рет болса да ақаулы тауарға тап болып көрдік. Құрылғы қосылмайды, дұрыс жұмыс істемейді немесе бірнеше күннен кейін бұзылып қалады. Мұндай жағдайда тауарды қайтаруға толық заңды құқығымыз бар. Көп ретте қайда барып шағым жасауды білмей жатамыз. Бұл ретте тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті қашан да көмекке дайын.
РКС: Былтыр Көкшетау қаласының тұрғыны салоннан жаңа автокөлік сатып алды. Оның ақауы бар екенін бірден байқаған ол салонға барады. Бірақ олар көлікті ауыстырудан немесе ақшаны қайтарудан бас тартқан. Басы шарадай болған қала тұрғыны тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің көмегіне жүгінді. Нәтижелі жұмыстың арқасында автосалон нәзік жанның ақаулы көлігін жаңасына ауыстырып берген.
СНХ: ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Былтыр мен көлік сатып алдым. Қозғалтқыш ақаулы болып шықты. Сатып алған жерге барып едім, олар тіпті мені тыңдағысы да келмеді. Амалым таусылған соң тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне бардым. Нәтижесі осындай қуанышты жағдаймен аяқталды.
РКС: Бұдан бөлек, облыста тұтынушыларды қорғаудың қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Мамандар волонтерлермен бірге таңбалауы жоқ күмәнді сападағы тауарды сатып алып, оны санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне жібереді, талдау жүргізіледі. Бұзушылықтар анықталған жағдайда тауар тәркіленіп, сатушыға айыппұл салынады.
СНХ: НҰРЛАН ҚАЛҚАМБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ: 2023 жылы біздің департамент тұтынушылардың құқықтарын қорғаумен біріктірілді. Осы уақыт аралығында тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты 53 миллион теңгеге жуық ақша қаражатын қайтару, айырбастау бойынша қызмет көрсетілді. Негізінен орын алған заңсыздықтардың 45 проценті бөлшек сауданың үлесінде. Сондай-ақ, электронды сауда кең тарап отыр. Бұл жерде алаяқтық жағдайлары жиіледі. Жалған сатушылар тауар үшін ақша алып, жоғалып кетеді. Мұндай жағдайда біз жәрдемдесе алмаймыз. Барлық мемлекеттік органдармен мәселенің мән-жайына байланысты өзара әрекет жасаймыз. Егер мәселе тамақ өнеркәсібіне қатысты болса, оны санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне бағыттаймыз. Өткен жылдан бастап отандық өндірушіні қолдайтын «Сапалы өнім» бағдарламасы пайда болды.
РКС: Естеріңізге сала кетейік, департамент өзінің ресми сайтында, сондай-ақ әлеуметтік желілерде ақпараттық хабарламалар жариялап тұрады. Бұдан бөлек, департаментке тікелей жеке хабарласуға да болады.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.