ДИКТОР: Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан өзін бейбітсүйгіш әрі халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде таныта білді. Ізгі ниетке негізделген сыртқы саясат, жаһандық бастамаларға белсенді қатысу және ядролық қарусыздану идеясын ілгерілету елдің халықаралық аренадағы беделін едәуір арттырды. Қазақстан аймақтық ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ гуманитарлық және білім беру дипломатиясына айырықша мән беріп келеді. Елдің сыртқы саясатындағы негізгі бағыттар туралы сарапшы кеңірек айтып берді.
РКС: Қазақстан халықаралық қауымдастықтың жауапты әрі белсенді мүшесі ретінде өз беделін нығайта түсті. Тәуелсіздік алған сәттен бастап еліміз көршілес мемлекеттермен тату қарым-қатынас орнатуға және жаһандық диалогты дамытуға бағытталған дәйекті сыртқы саясатты ұстанып келеді. Қазақстанның негізгі бастамаларының бірі - ядролық қарудан азат әлем идеясын ілгерілету. 1991 жылы Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы - осы бағыттағы еліміздің берік ұстанымы мен адалдығының айқын дәлелі.
СНХ: АРДАҚ ҚАПЫШЕВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: Егемендікке қол жеткізген тұста еліміз үшін ең өзекті мәселелердің бірі - Семей ядролық сынақ полигонын біржола жабу болды. Бұл маңызды міндет ойдағыдай орындалып, Қазақстан бүгінде қарусыздану саласындағы әлемдік көшбасшылардың біріне айналды. Себебі халқымыз ядролық сынақтардың ауыр зардабын тікелей бастан өткерді. Сондықтан бұл мәселені халықаралық күн тәртібіне шығарып, жаһандық деңгейде үздіксіз әрі белсенді түрде алға жылжытып келеміз. Өйткені ядролық қауіпсіздік - кез келген кезеңде маңызды, әрі қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында оның маңыздылығы бұрынғыдан да арта түскені анық.
РКС: Гуманитарлық, оның ішінде білім беру дипломатиясы - Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды құрамдас бөлігі. Бұл бағыт аясында еліміз шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуға, бірлескен білім беру жобаларын іске асыруға және халықаралық ынтымақтастық арқылы ұлттық мүддені ілгерілетуге баса мән беріп отыр. Қазақстан білім беру дипломатиясын дамыту арқылы халықаралық аренадағы орнын нығайтуды, сондай-ақ шетелдік студенттер мен оқытушыларды тартуды мақсат етеді.
СНХ: АРДАҚ ҚАПЫШЕВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: Қазақстан шетелдік студенттерді елімізде білім алуға белсенді түрде тартуда. Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен Қазақстанда әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары ашылуда. Бүгінде елімізде 23 шетелдік университет филиалы жұмыс істейді. Алдағы уақытта тағы 11-12 филиал ашу жоспарланып отыр. Бұл – Қазақстанның білім беру жүйесінің халықаралық деңгейде тартымды бола бастағанының айқын дәлелі
РКС: Осылайша, қазіргі Қазақстанның сыртқы саясаты - диалог, жауапкершілік және жасампаздық қағидаттарына негізделген сындарлы бағыт. Сарапшының пікірінше: «Біз бейбітшілікке, тұрақты даму мен ортақ болашаққа ұмтыламыз. Дәл осы ұстаным Қазақстанды халықаралық аренада сенімді әрі құрметке лайық серіктес ретінде танытып отыр».
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ