ДИКТОР: 15 маусымда өткен сайлау қорытындысы бойынша сайлаушылардың басым дауысына ие болған Әсет Құрманғожин Зеренді ауданының әкімі болып сайланды. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов аудан активіне жаңа әкімді таныстырды.

РКС: Әсет Құрманғожин Зеренді ауылының тумасы. Экономика мамандығы бойынша жоғары білімі бар. Еңбек жолын Зеренді ауданы әкімдігінде бастап, түрлі жауапты қызметтерді атқарған. Сайланарға дейін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.

СНХ: ӘСЕТ ҚҰРМАНҒОЖИН, ЗЕРЕНДІ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Осы лауазымды адал және ерен еңбек етем деп сіздердің алдарыңызда сөз беремін. Қолдауларыңызға рахмет. Ел болып қолдап жатырсыздар.Сондықтан жерге қаратпаймын деп толық айта аламын сіздерге.

РКС: Жиын барысында облыс әкімі Марат Ахметжанов бұрынғы әкім Әсен Жақсылықовқа атқарған еңбегі үшін алғыс айтып, жаңа аудан басшысының алдына қойылатын негізгі міндеттерді атап өтті. Заманауи агротехнологияларды қолдану арқылы ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше басымдық берілуі шарт,-деп атап өтті аймақ басшысы. Сонымен қатар сапалы ауыз су және тұрақты электрмен қамту, тұрғын үй құрылысын жалғастыру, әлеуметтік саланы қолдау және ішкі туризм құрылымын қайта қарау мәселелері де бірінші кезекте тұрған міндеттердің қатарында. Жиыннан соң аймақ басшысы Марат Ахметжанов наурыз айында ашылған балалар өнер мектебі мен шығармашылық орталығының тыныс-тіршілігімен танысты. Бір шатырдың астына тоғысқан өнер ордасында 800-ден астам бала түрлі бағытта қосымша білім алуда. Шәкірттер домбыра, қобыз, фортепиано, эстрадалық вокал, дәстүрлі ән, театр мен би өнерінің қыр-сырын меңгеруде. Сонымен қатар қолданбалы шығармашылық, пікірсайыс, экология, робототехника және техникалық модельдеу үйірмелері де жұмыс істеп тұр.

СНХ: БАҚЫТБЕК СЕЙДАХМЕТ, ЗЕРЕНДІ БАЛАЛАР ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Мектебіміз өте жақсы. Бүкіл жағдай бұл жерде жасалды. Бүкіл мебель сатып алынды. Біз өз тарапымыздан өзіміздің көрмелік жұмыстарымызды, өздерінің қол жұмыстарын негізінен осы мектептің ғимаратына орналастырып, өлкетану бұрышын ашып сондай жұмыстардың бағытын жасап жатырмыз.

РКС: Зеренді ауылында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі салынып жатыр. Аймақ басшысы құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Осы айдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Қазір ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімі одан соң «Сұңқар» жазғы лагерінде болып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген оқушылармен жүздесті.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Зеренді ауданы облыстың туристік әрі білім беру әлеуеті жоғары аймақтың бірі. Мұнда балалардың дамуына қажетті жағдайдың бәрі жасалуы тиіс. Ел ертеңін тәрбиелеу осыдан басталады», – деді өңір басшысы сапар соңында.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ