ДИКТОР: Көкшетауда «Есірткісіз өмір - мықтылардың таңдауы!» деген тақырыпта нашақорлыққа қарсы форум өтті. Аталған шараға облыс орталығындағы колледждердің студенттері қатысты. Сарапшылар жастарды мұндай алдын алу шараларына белсенді тартудың маңыздылығын атап өтті.

РКС: Форум барысында облыстық полиция департаментінің қызметкерлері өңірдегі нашақорлық жағдайына қысқаша шолу жасады. Статистикаға сәйкес, соңғы кездері нарықты синтетикалық есірткі заттары жаулап алған. Осы ретте, студенттерге есірткі сатуға қатысты заңда көзделген қылмыстық жауапкершілік туралы айтылды. Өйткені, дәл осы жастар қауымы – негізгі тәуекел тобына жатады.

СНХ: ДАРХАН ДОСАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН УАҚЫТША АТҚАРУШЫ: Жастар мен мектеп оқушылары есірткінің салдары қандай болатынын толық түсінбестен, кейде қылмыстық әрекеттерге тартылып жатады. Оларды негізінен өздерінің арам істерін жүзеге асыру мақсатында курьер немесе есірткі таратушы ретінде пайдаланады. Жылдам әрі оңай табыс табу мүмкіндігі уәде етіледі. Бүгінде есірткіге қатысты 143 құқық бұзушылық дерегі тіркелген. Оның ішінде 66 дерек есірткі сату фактісі бойынша. Жыл басынан бері 87 кг есірткі тәркіленді. Оның 7кг-ы - синтетикалық есірткі. Өткен жылы біз бір жыл ішінде 7,5 кг синтетикалық зат тәркілесек, биыл бұл көрсеткіш небәрі 5 айдың ішінде тіркелді. Бұл жағдай синтетикалық есірткінің тек біздің өңірде ғана емес, бүкіл республика аумағында да кеңінен таралып, қоғам үшін аса өзекті әрі алаңдатарлық мәселе болып отырғанын көрсетеді.

РКС: Студенттер арасында есірткі саудасы үшін сотталғандардың тағдырына арналған деректі фильм ерекше қызығушылық тудырды. Бұл фильм терең ой салып, ұзақ уақыт есте қалатыны сөзсіз,-дейді олар. Сондай-ақ, жастардың назарына жедел әрекет ету арнайы жасағы мен қызметтік-іздестіру иттерінің кәсіби шеберлігі ұсынылды.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Іс-шараның басты мақсаты: есірткісіз өмір сүру - мықты әрі жауапты адамдардың саналы таңдауы екенін жеткізу. Өткен жылы Қазақстан тыйым салынған заттарды қолдану көрсеткіші бойынша әлемдегі алғашқы он елдің қатарына енді. Бүгінде есірткі айналымына тарту деректері көбіне интернет арқылы жүзеге асырылуда.

СНХ: СҰЛТАНБЕК БЕКІШЕВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ «ЖАСТАР РУХЫ» ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Сол себепті бізде киберволонтерлар атты жаңа жоба іске қосылды. Бұл жоба аясында біз «Жоғары жалақы, жақсы жұмыс» сияқты, нақты ақпараты көрсетілмеген жарнамалар бойынша есірткіге қарсы басқарма қызметкерлерімен бірлесе жұмыс жүргіземіз, қажет болған жағдайда тиісті ақпаратты мамандарға жолдаймыз.

РКС: Мұндай форумдар – тек бір реттік шара емес, жастар арасында нашақорлық пен қылмыстың алдын алуға бағытталған ұзақ мерзімді ведомствоаралық стратегияның құрамдас бөлігі. Ағарту, белсенді қатысу және салауатты өмір салтын насихаттау - қоғамның әлеуметтік тұрақтылығы мен қорғанысын қалыптастырудың негізі.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ