ДИКТОР: Бүгін облыстық мәслихаттың кезекті ХХ сессиясы өтті. Күн тәртібінде былтырғы жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есеп қаралды. Сессия барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері талқыланып, жоспарланған бюджеттік бағдарламалардың орындалу қорытындылары шығарылды.
РКС: Сессия барысында Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов былтыр жүзеге асырылған бюджеттік бағдарламалар туралы есеп берді. Жыл қорытындысы бойынша бюджет кірісі 629 миллиард теңге. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8,5 процентке артық. Оның айтуынша, облыстық бюджеттің басым бөлігі әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған. Ал республикалық бюджеттен түскен 490 миллиард теңге білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау мен инфрақұрылымға бағытталған. Мәселен, білім беру саласына 289,3 миллиард теңге бөлініп, соның 43,1 миллиард теңгесі нысандардың құрылысына жұмсалған. Әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт және туризм салаларын дамытуға 19,7 миллиард теңге бағытталса, денсаулық сақтау саласына 22,3 миллиард теңге қарастырылған. Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытуға 90 миллиард теңге бөлінді.
СНХ: ЕЛДОС РАМАЗАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ: Бюджетті жүзеге асыруда негізгі басымдылық өңірді тұрақты дамыту, тіршілік сапасын арттыру және халықты тікелей қолдау болды. Жергілікті билік органдарының барлық әрекеттері Ақмола облысында өмір сүру мен жұмыс істеуді қолайлы етуге бағытталған. Жыл бойы Мемлекет басшысының тапсырмасын, ұлттық жобаларды, міндеттерді, сондай-ақ төтенше жағдайларды ескере отырып, бюджет бірнеше рет түзетілді. Салықтар мен төлемдердің үлесі 15 пайыз немесе 94,8 млрд теңге құрады. 27 бағдарлама әкімшілердің 14-і қаржыны толық көлемде игерді. Бұл ретте игерілмеген сомалар құрылыс, денсаулық сақтау, білім, табиғи ресурстар басқармаларында және төтенше жағдай департаментінде қалды.
РКС: Облыстық мәслихаттың экономика және бюджет жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Марат Қойшыбаев өз сөзінде өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде тұрақты өсім байқалғанын атап өтті. Жалпы өңірлік өнімнің нақты көлем индексі 110 процентке жетіп, республика бойынша үшінші орынға шықты. Ауыл шаруашылығы саласында да рекордтық өсім тіркелген. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру және шағын бизнесті қолдау шаралары оң нәтиже беруде. Алайда кейбір инвестициялық жобалардың толық жүзеге аспағаны да айтылды.
СНХ: МАРАТ ҚОЙШЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ЭКОНОМИКА ЖӘНЕ БЮДЖЕТ ЖӨНІНДЕГІ ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Кейбір бағдарлама әкімшілерінің тарапынан қаражатты толық және тиімді игеру бағытында тиісті деңгейде жұмыс жүргізілмеген. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда бірқатар олқылықтар бар. Жоспарланған 235 жобаның 35-і белгіленген мерзімде аяқталмаған. Өткен жылды саралай отырып, біз әр көрсеткіштің артында өңір халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты істер тұрғанын ұмытпауымыз керек. Осы ретте, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететін әлеуметтік бастамалар алдағы уақытта жүйелі түрде жүзеге асырылуы тиіс.
РКС: Сессия соңында бюджеттің тиімділігін арттыру, жобалардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған шараларды одан әрі жалғастыру қажеттігі атап өттілді. Облыстық мәслихаттың шешімдері арқылы өңірдегі маңызды әлеуметтік бастамалар қолдау тауып, халықтың өмір сүру сапасын арттыру жолындағы жұмыстар жалғасын табады.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ