ДИКТОР: Ішкі нарықты отандық тауарлы балықпен толықтыру. Мұндай міндет Ақмола облысындағы балық өсіру шаруашылықтарының алдына қойылып отыр. Бір апта бұрын Мемлекет басшысы "Аквамәдениет туралы" жаңа Заңға қол қойды. Аймақта саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту және жаңа кәсіпорындар құру мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда? Тілші баяндайды.
РКС: Зеренді көлінің жағасында орналасқан балық тәлімбағы 60 жылға жуық тарихымен мақтана алады. Мұндағы цехтарда ақ балық пен тұқы балықтарының шабақтары өсіріледі. Кейін аймақтағы және жақын маңдағы облыстардың көлдеріндегі балықтарды көбейту үшін жөнелтіледі. Кәсіпорын аумағында 240 гектар тоған шаруашылығы бар.
СНХ: ВАЛЕРИЙ ПОНОМАРЕНКО, ЗЕРЕНДІ БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КӘСІПОРНЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Жыл сайын біз осы тоғандарда мелиорациялық жұмыстар жүргіземіз. Өсімдіктерден тазартып, әктейміз, өңдейміз. Содан соң барып қана тұқы құртымен қоректендіріп, тұқы балығына дейін өсіреміз. Біз тұқы тұқымын тамыз-қыркүйек айларында аламыз, сонымен қатар оны табиғатты пайдаланушыларға сатамыз.
РКС: Кәсіпорында 24 адам жұмыс істейді. Негізінен Зеренді тұрғындары. Цех шебері Шолпан Нұртаева балық тәлімбағында 30 жылдан астам еңбек етіп келеді. Қатардағы жұмысшыдан бастаған. Жұмыс қиын, десе де мақтанышпен және сүйіспеншілікпен айтады.
СНХ: ШОЛПАН НҰРТАЕВА, БАЛЫҚ ӨСІРУ ШЕБЕРІ: 3 қыз бір тәулік істеп, екі күн демалады. Цехта инкубациялық кезеңде олар уылдырықты, суды бақылайды. Цехтың температурасы мен тазалығын қадағалайды. Барлық процесті мұқият бақылап отырады.
РКС: Аймақта балық өсіруге болатын 632 су қоймасы бар. Қазір шаруашылықтарға 360 су нысаны бекітілген. Қалғаны резервтік қорда.
СНХ: САНСЫЗБАЙ ЫДЫРЫСОВ, ЕСІЛ ОБЛЫСАРАЛЫҚ БАССЕЙНДІК БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Бұл көл-тауарлы балық өсіру шаруашылығын жүргізу үшін 169, спорттық-әуесқойлық үшін 8 және кәсіпшілік балық аулау үшін 103 су айдыны. Былтыр жоспар бойынша 1520 тонна тауарлы балық өсіруіміз қажет болған еді. Табиғатты пайдаланушылар ол жоспарды асыра орындады. Биыл тауарлы балық өсірудің жоспарлы көрсеткіші 2 мың тонна.
РКС: 5 айда облыс аумағында 335 тонна тауарлы балық өсірілді. Күзде бұл көрсеткіш жетілген ақ балық пен тұқының арқасында артады. Саланы дамытуға үлес қосып жүрген кәсіпкерлер үшін мемлекеттік қолдау қарастырылған.
СНХ: НҰРЛАН ЕСЕНҒАЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Бірінші бағыт – өнім сапасын арттыру. Аквамәдениет субсидияланады. Екінші бағыт-инвестициялар бойынша шығыстардың бір бөлігін өтеу. Балыққа жем сатып алғаны үшін 30 проценті өтеледі. Сондай-ақ, балық өсіру материалы үшін 50 процент, балық өсіру-биологиялық негіздемеге де төленеді. Инвестсалымдар бойынша 1 өтінім қаралды. Ол бойынша инвесторға субсидия төленді.
РКС: Айта кетейік, еліміздегі балық саласын дамыту бағдарламасына сәйкес, 2030 жылы Қазақстан 270 мың тонна тауарлы балық өндіруді жоспарлап отыр. Сондықтан алдағы бес жылда Ақмола облысы оның көлемін 10 мың тоннаға дейін ұлғайтпақ.
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ