ДИКТОР: Олар — уақыттың үнін қағазға түсірген жандар. Қоғамның жүрек лүпілін естігендер. Журналистика дейтін қасиетті әлемде қара сөзді қамшы қылып, елдің үніне айналған ардагерлер жайлы сөз қозғасақ, тарихтың тереңінен сыр шертеміз.

РКС: Бұқаралық ақпарат құралдары тек жаңалықтың жаршысы емес, елдің тағдырын таразылайтын мінбер. Осы мінберде өз ғұмырын арнаған ардагерлердің еңбегі – бүгінгі медиа кеңістіктің іргетасы. Бірнеше минуттық жаңалық шығару үшін қаншама тер төгіледі. Әр сөйлемнің артында – тағдыр, әр ақпараттың астарында – елдің үміті тұратыны айтпаса да түсінікті. Журналистер ақпарат майданының сарбаздары. Қаламы қару, қағазы қорған. Қалам тербесе – халықтың мұңын жазады, эфирге шықса – елдің үнін жеткізеді. Олардың әр еңбегі – тасқа түскен тарих.

СНХ:БАЙҚАЛ БАЙӘДІЛОВ, ТЕЛЕВИЗИЯ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ: Енді осы мақсат үддесінен шығудың қандай қиындықтары бар деген ең алғашқы сауалды жіктеп, талдап көрелік?! Ең бірінші әлемде технологиялық жаңғырудың,ілгерлеудің әсерінен әлеуметтік желі деген пайда болды. Бұған дейін, әлеуметтік желі болмай тұрған кезде теледидардың үлкен идеологиялық құрал екендігі белгілі болатын. Жалпы теледидардың туындылары ұжымдық еңбектің жемісі. Ол жалғыз журналистің ғана емес, оператордың, режиссердің, әрлеушінің, бояушының деген сияқты сан алуан мамандық иелерінің бірлесіп жасаған жұмысының нәтижесі. Әркімнің өз қалауы бар. Біреу газет оқиды, біреу теледидар көреді, біреу әлеуметтік желіні ақтарып отырады.

РКС: Жаңа заманның журналистері цифрлы әлемде жұмыс істейді, бірақ тамыры сол кешегі ардагерлердің еңбегінен нәр алған. Себебі кәсібіне адалдық, шындыққа тура қарау – журналистиканың мәңгілік заңы. Халыққа шындықты жеткізу, жақсылыққа үндеу аталған саланың құбыласы іспеттес.

СНХ:СЕРІК ЖЕТПІСҚАЛИЕВ, ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ, ЖУРНАЛИСТ: Жалпы енді бүгінгі таңдағы телевидениеге оңай емес деп ойлаймын. Өйткені шын мәнісінде мынау неше түрлі электронды құрал-жабдықтар көбейді ғой. Қол телефонына көп адам ойысып кетті. Әлеуметтік желілер күшейді. Бір жағынан бұл қызық бір жағдай. Қайтсек те конкуренция болғаны жақсы ғой. Сол тұрғыдан қарағанда үлкен бір жүк, міндеттер жүктейтін сияқты. Өзімнің пікірімше, ойымша көбінде танымдық, сондай бір адам қызығатын еркін отырып тыңдайтын хабарлар керек деп ойлаймын.Ондайдан халық ешқашан жалыққан емес. Кейбір деректерді ілдім-бардым, әлі зерттелмеген, дұрыс анықталмаған, анық-қанығы айтылмаған, түбіне жетілмеген зерттеулерді пайдаланып, дереккөз қылып соны желпілдетіп, желдіртіп өздеріне ұпай жинауға тырысатын әлеуметтік желілер көп.

РКС: Журналистика – кәсіп емес, тағдыр. Бұл тағдырды таңдаған ардагерлерге бүгінгі ұрпақ мәңгі қарыздар. Өйткені олар – шындықтың шамын жаққандар, уақытпен бірге жасайтын есімдер.

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ