ДИКТОР: Бүгінгі қоғамда инклюзия - мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолайлы жағдай жасап, тең құқықтар берудің маңызды бағытына айналып отыр. Бүгінгі кейіпкеріміз Орал Қабылов рухының беріктігімен, ынтымақ пен өзара қолдаудың айқын көрінісін танытқан жан. «Инватакси» қызметінде диспетчер болып жұмыс істейтін ол – тағдыр тауқыметіне мойымай, бүгінде өз ерік-жігерімен, табандылығымен өзгелерге серпін беріп жүрген қайсар жанның бірі.
РКС: Бұл шағын диспетчерлік орталықта күн сайын қарбалас тіршілік қайнап жатады. Қоңыраулар шалынып, маршруттар үйлестіріледі. Тұрғындардың өтініштері қабылданады. Сырттай қарағанда қарапайым кеңсе болғанымен, басқару пультінде ерекше тағдыр иесі отырғанын бірден байқай қоймайсың.
СНХ: ОРАЛ ҚАБЫЛОВ, ДИСПЕТЧЕР: Мен II топтағы мүгедекпін, екі аяғым да ампутацияланған. 2007 жылдың желтоқсанында орын алған -жазатайым оқиғаның салдарынан ауыр жарақат алып, екі аяғымнан айырылдым. Қазір протезбен жүремін. Отадан кейін өмірімді қалай жалғастырамын деп көп ойландым. Бір ғана жәрдемақымен өмір сүру қиын екенін түсіндім, сондықтан өмірге бейімделу керек болды. Ең алдымен маған қолдау қажет болды. Өзім сияқты жандарды, түрлі қауымдастықтар мен ұйымдарды іздей бастадым. Себебі жалғыздық пен шарасыздықпен күресу үшін орта қажет. Мен мүгедек жандар ештеңеге мұқтаж болмаса екен деймін. Мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілсе, олар да өз тарапынан әрекет етсе екен. Тек қарап отыруға болмайды, үнемі іздену керек, талпыну керек, өмірді жалғастыру қажет. Бастысы - үміт үзбеу, рухыңды түсірмеу.
РКС: Жұмыстан тыс уақытта ол - сүйікті жар, қамқор әке әрі ардақты ата. Үй шаруасына араласып, жақындары мен көршілеріне де қолғабыс етеді. 2019 жылдан бері диспетчер болып жұмыс істейді. Бұл орталықта өзімен тағдырлас тағы да бірнеше адам еңбек етуде.
СНХ: ВАСИЛИЙ ШИМАНСКИЙ, «ШАНС» МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРДЫ ОҢАЛТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: «Инватакси» қызметін көрсетуді 2011 жылда бастадық. Ол кезде көлікті бізге Алматыдағы қайырымдылық қоры алып берген болатын. Сол уақыттан бастап Қазақстан мүгедектер ұйымының одағы бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізе бастады. Мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдау, жұмысқа орналастыру сияқты мәселелер күн тәртібіне шықты. Қолданыстағы қазіргі әлеуметтік бағдарламаларды «Инватакси» қызметінсіз жүзеге асыру өте қиын. Қазір мұнда мүмкіндігі шектеулі 6 азамат жұмыс істейді. Олардың барлығы тірек-қимыл аппараты бұзылған жандар. Мұндай адамдарға жұмыс табу өте қиын, бірақ мен оларды жұмыспен қамтып отырғаныма еш өкінбеймін. Олар - жауапты, тиянақты, әрі өз ісінің шеберлері.
РКС: Осындай оқиғалар қоғамда әр адамның - оның физикалық мүмкіндігіне қарамастан қажет және құрметке лайық екенін дәлелдей отырып, бірлік пен түсіністік рухын қалыптастырады.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ