ДИКТОР: Бүгін Көкшетауда жергілікті тауар өндіруші кәсіпорындардың дәстүрлі байқау-көрмесі өтті. Облыс әкімі Марат Ахметжанов көрмені аралап көріп, жергілікті тауар өндірушілерге сәттілік тіледі. Өңірдің әр түкпірінен келген кәсіпкерлер көпшілік назарына азық-түліктен бастап өнеркәсіптік өнімдерге дейін тауарларын ұсынып, көрменің көрігін қыздырды.
STAND-UP: ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Көкшетауда «Қазақстанның үздік тауары» атты өңірлік көрме-байқауы өтті. Отандық өнімдердің сапасы мен танымалдылығын насихаттап, жергілікті тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған игі шараға өңірдің 100-ге жуық кәсіпкері қатысты.
СНХ: ЕРҚАНАТ МҰСЫЛМАНБЕК, «АТАМЕКЕН» АЙМАҚТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Аталған байқау жыл сайын еліміздің барлық өңірінде өткізіледі. Байқау «Үздік азық-түлік тауарлары», «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» және «Халық тұтынатын үздік тауарлар» сынды 3 номинация бойынша жүргізіліп жатыр. Үздіктер республикалық қорытынды көрме-байқауға жолдама алады.
STAND-UP: ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Көрмеде азық-түлік өнімдері, тұрмыстық химия, құрылыс материалдары, ауыл шаруашылығы техникасы мен жеңіл өнеркәсіп тауарлары ұсынылды.
РКС: Атбасарлық кәсіпкер Алпысбай Айекешов кәсіпкерлікпен 2016 жылдан бері айналысып келеді. Бүгінде кәсіпкердің иелігінде наубайхана, кондитерлік және түшпара цехтары жұмыс істейді. Барлығы табиғи өнімдер. 50-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Дайын өнім облыстың түкпір-түкпіріне, сондай-ақ Астана қаласына да жеткізіледі. Кәсіпкер алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, өнімін өзге де өңірлерге таратуды көздеп отыр. Мұндай байқаулар кәсіпкерліктің тасын өрге домалатып, одан әрі дамуына серпін береді,-дейді ол.
СНХ: АЛПЫСБАЙ АЙЕКЕШОВ, КӨРМЕГЕ ҚАТЫСУШЫ: Біз Атбасар қаласынан келдік. ИП «Айекешов» Біз жыл да келеміз. 2023 жылы «Самый лучший товар годада» біз 1-ші орын алғанбыз. Осындай жәрмеңкелер жеке кәсіпкерлер үшін өте қолайлы, жақсы қолдау.
STAND-UP: ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ТІЛШІ: Келушілер ұсынылған өнімдердің сапасымен танысып қана қоймай, тауарды тиімді бағамен сатып алу мүмкіндігіне де ие болды. Әсіресе тұрғындар тарапынан тамақ өнеркәсібінің өнімдеріне қызығушылық ерекше байқалады.
СНХ: ҒАЛИЯ ЖАҚСЫЛЫҚОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Өте қуаныштымын, осындай жәрмеңке ұйымдастырғаны үшін. Жәрмеңке өте жақсы өтіп жатыр. Өзімнің көңілімнен шықты. Себебі өзім ұнатқан өнімдерді алдым, сүт өнімдері өте жақсы. Жақсы, Бурабай ауданынан тиімді бағамен сатылып жатыр. Және де ағаш өнімдерінен де қой салатын астау алдым. Өте жақсы, өте қуаныштымын.
СНХ: МАЙРА НҰҒЫМАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Бүгін Көкше де күн де жақсы, міне, ярмарка болып жатыр. Кісі көп, күн де жақсы, ауыз тидік судан, су дәмді. Сосын йогурт беріп жатыр. Немереме морожене сатып алдым. Бәрі дәмді, тәтті. Анда май сатып жатыр, май алдым.
РКС: Байқау-кқрменің қорытындысы бойынша Көкшетау мен Степногорск қалаларынан және Бурабай аудандарынан байқауға қатысқандар «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша жеңіске жетті. «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша «Оникс», «Green Products» серіктестіктері мен «Әлихан» жеке кәсіпкерлігі жүлделі болды. «Үздік азық-түлік тауарлары» бағытында «Бижан», «Milk Project» серіктестіктері, сондай-ақ «Соколов» жеке кәсіпкерлігі жүлдегер атанды. Үздік шыққан 9 жеңімпаз-номинант «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқау-көрмесіне жолдама алды.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ