ДИКТОР: Еліміздің болашағын қалыптастыратын жас, білімді, білікті мамандарды даярлау — мемлекет үшін басты міндеттердің бірі. Осы орайда қолға алынған Президенттік жастар кадрлық резерві – талантты, іскер қазақстандықтарды мемлекеттік қызмет пен жетекші салаларға тартудың тиімді алаңына айналды. Ақмола облысында да бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізілуде. Дарынды, бастамашыл, жаңаша ойлайтын жастарды мемлекеттік басқару ісіне тартуға бағытталған Президенттік жастар кадрлық резервін қалыптастыру Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған болатын. Маусымның бірінен бастап резервке өтінім қабылдау басталды.

РКС: Бүгінде өңірде Президенттік жастар кадрлық резервінің бірнеше мүшесі түрлі салада табысты еңбек етуде. Олар — экономиканы дамыту, цифрландыру, ауыл шаруашылығы мен білім беру салаларында тың бастамалар көтеріп жүрген жас көшбасшылар. Мәселен, Целиноград ауданында ауыл шаруашылығын цифрландыру бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Бұл бастама — кадрлық резерв мүшесінің ұсынысы негізінде қолға алынған. Атап айтқанда, 2019, 2021 және 2023 жылдардағы іріктеулерге 60 мыңнан астам азамат қызығушылық танытты. Іріктеуден өткен 400 адам резервке қабылданды. Оның 318-і мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда жұмыс істеп жатыр.

СНХ:ДУМАН ӘБІЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: 1 маусымда елімізде төртінші рет Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталды. Биылғы жылы да кандидаттарға қойылатын талаптар өзгерген жоқ. Яғни, іріктеуге мемлекеттік тілді орта деңгейден төмен емес дәрежеде меңгерген, жоғары білімі бар және кемінде 5 жыл жұмыс өтілі бар, 35-тен аспаған Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Іріктеу кадр қажеттілігі бар 6 сала бойынша іске асырылады.Олардың нәтижесі бойынша резервке үздік 50 үміткер қабылданатын болады. Қабылданған күннен бастап 3 жыл ішінде резервшілер әртүрлі мемлекеттік лауазымдарға конкурстан тыс тағайындалатын болады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, 35 жастан аспаған жастарымызды осы іріктеуге шақырамыз.

РКС: Аймақта кадрлық резерв өкілдері үшін түрлі семинарлар, оқыту бағдарламалары мен тәжірибелік жобалар ұйымдастырылуда. Жергілікті атқарушы органдар жастардың бастамаларына қолдау көрсетіп келеді. Төртінші іріктеудің ерекшелігі – әр бағыт бойынша кандидаттардың біркелкі санын қамтамасыз ету мақсатында әрбір кезеңде пропорционалды іріктеу өткізу. Яғни, резервтің әр салалық бағыты бойынша квоталар қарастырылып, іріктеу сол салалық бағыт бойынша ғана жүргізіледі.

СНХ:РАЙХАН БРАТАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: Резервке іріктеу 2025 жылдың маусым-қазан айлары аралығында өтеді. Қазіргі уақытта біз кандидаттар арасында іріктеу талаптарын түсіндіру, сондай-ақ олардың өтінімдерін қабылдау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап кандидаттар мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау бойынша тестілеу, ситуациялық тапсырмаларды шешу, құзыреттерді бағалау, әңгімелесу сияқты бірқатар кезеңдерден өтеді. Іріктеу барлығы 6 кезеңді қамтиды. Кейбір кезеңдер онлайн режимде болса, кейбіреуі офлайн форматта Астана қаласында өтеді. Жоспарға сәйкес іріктеу қазан айында өз мәресіне жетеді. Құжат тапсырғысы келетін адамдар pkrezrv.gov.kz порталында немесе біздің Департаментке жүгіне отырып, тиісті кеңес ала алады.

РКС: Айта кету керек, мемлекеттік тілді меңгергені туралы жарамды мерзімі бар сертификат болмаған жағдайда кандидат өзінің жеке кабинетінде берілген бір реттік промокод арқылы ҚАЗТЕСТ немесе QAZAQ RESMI TEST онлайн-сервисінде тестілеуден бір рет тегін өте алады. Кандидаттардың құжаттарын тексеру шілденің 1-і мен 31-і аралығында өтеді. Жастарымыздың бойындағы күш-жігері мен білімін ел мүддесіне қызмет етуге бағыттау, кәсіби мемлекеттік қызметкерлердің жаңа легін қалыптастыру – Агенттіктің стратегиялық міндеттерінің бірі. Президенттік жастар кадрлық резерві — еліміздің кадрлық саясатын жаңғыртуға арналған маңызды қадам.

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ