ДИКТОР: Көкшетауда «Халықтың азаматтық мәдениеті - өңірдегі өмір сүру сапасын арттырудың негізі» тақырыбымен Ақмола облысының ХІІ Азаматтық форумы өтті. Екі жылда бір рет өтетін бұл форум азаматтық мәдениетті ілгерілету және өңір тұрғындарының қоғамдық белсенділігін арттыруды көздейді.

РКС: Шараға мемлекеттік органдар өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, саяси партиялар мен қоғам белсенділері қатысты. Олар өзара пікір алмасып, өңірдегі өзекті мәселелерді шешудің жолдарын қарастырды. Сондай-ақ, арнайы шақырылған Азаматтық альянс мүшелері өз азаматтық көзқарастарын ортаға салды.

СНХ: БАНУ НҰРҒАЗИЕВА ҚАЗАҚСТАННЫҢ АЗАМАТТЫҚ АЛЬЯНСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Қазан айында үлкен республикалық азаматтық форум өтеді. Сол жерде әрбір қазір өңірдегі өтіп жатқан форумдардан шыққан ұсынымдар, көтерген мәселелері сол жерде алып келіп, форумға дейін бір ұсынымдар жасаймыз. Біздің азаматтар белсенді болып, қандай да бір мәселеге араласып, бір шетінен шығып мемлекеттік органдармен жұмыс жасайтын болса, бұл біздің елімізге үлкен үлес болар еді.

РКС: Ақмола облысында 600-ден астам үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Бұл ұйымдар қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге атсалысып, түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып келеді. Олардың ролі ХІІ -ші Азаматтық форумда кеңінен талқыланды.

СНХ: БЕРІК ҰЗАҚБАЙ «ҚЫЗЫЛЖАР АБАЙ ОРТА МЕКТЕБІ» КОРПОРАТИВТІК ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Мемлекеттік емес ұйымдардың өзінің жобаларын таныстыру арқылы өзінің жобаларын қалай іске асырылып жатқанын, қандай мәселелер бар екенін алға тарту ортаға салу арқылы шешу жолдарын шығарып, әрі қарай азаматтық қоғам, яғни үкіметтік емес ұйымдар, өзінің бағытын әрі қарай белгілеп, дамытуға мүмкіншілік алады. Мысалы біз айтамыз ғой, Мемлекетте төрт билік бар деп. Оның төртінші билігі бұқаралық ақпарат құралдары. Ол дұрыс. Бірақ та төртінші билікке қосып, бұқаралық ақпарат құралымен бірге үкіметтік емес ұйымдарды бірге тарту керек.

РКС: Форум барысында арнайы диалогтық алаңдар құрылып, азаматтық ұйымдар өз пікірлерін ортаға салды. Шара соңында қатысушылар облыс әкімі мен Азаматтық альянс президентінің алғыс хаттарымен марапатталды.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ