ДИКТОР: Көкшетауда қазақ эстрадасының жауһарына айналған «А-Студио» тобының шығармашылығына арналған концерт өтті. Кеш барысында көрермендерге жүрекке жақын, жанкүйер жадында сақталған әсерлі әндер ұсынылды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Мәдени кешке жиналған зал көрерменге лық толы. Олардың барлығы -«А-Студио» тобының шығармашылығын сағынған, сүйікті әндермен шөліркеген жанкүйерлер. Концерттің шымылдығы «Белая река» әнімен ашылды. Кеш барысында «А-Студио» тобының ең танымал әндері оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста шырқалды. Көкше жұрты танымал топтың әрбір әніне ерекше ықылас танытып, сүйікті әндерін сахна төріндегі әншілермен қоса шырқап, шараның шырайын келтірді. Бұл кешті тамашалау үшін Нұржәмила Әлібекова арнайы Айыртау ауданынан келген екен.
СНХ: НҰРЖӘМИЛА ӘЛІБЕКОВА, КӨРЕРМЕН: Әншілерге көптен көп рахмет. Керемет бір кеш болды. Кейінгі ұрпаққа үлгі болатындай жақсы кеш болды. Сол кешке келгеніме өте қуаныштымын. Ұйымдастырушыларға мына Батырхан Шукеновтың әндерін жаңа леппен бізге көрсетіп,бізге айтқанға біз өте ризамыз.
РКС: Бұл кеш Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының «Любимые и легендарные» атты жаңа музыкалық жобасы аясында ұйымдастырылған алғашқы концерт. Жоба танымал әртістердің шығармашылығын заманауи өңдеуде ұсынып, тыңдарманға жаңа леппен жеткізуді көздейді.
СНХ: АЛЛА БЕШ, ЖОБА АВТОРЫ: Мұндай концерттер тың әрі ерекше сипатымен ерекшеленіп, көрерменге тек музыкалық ләззат емес, эстетикалық рақат сыйламақ. Бүгінгі «А-Студио үні» деп аталатын кеш осы жоба аясында ұйымдастырылған алғашқы концерт. Бұл идея ойға келген сәтте ең алдымен есіме түскен топ – «А-Студио» болды. Себебі бұл топтың шығармашылығы мен үшін өте қымбат. Олардың әндері – тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем бойынша миллиондаған тыңдарманның жүрегіне жол тапқан. Сондықтан жобамыздың шымылдығын дәл осы топпен ашуды жөн көрдік. Оның үстіне, «А-Студио» – біздің мақтанышымыз, қазақ жерінен шыққан өнер ұжымы.
РКС: Бұл жоба алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Ұйымдастырушылар әр концертті өзіндік ерекше форматта өткізуді жоспарлап отыр. Ал концерттен ерекше әсер алған көрермендер шабыттанып тарқасты.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ