ДИКТОР: Ақмола облысында отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу және тиімділігін арттару жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының екінші кездесуі өтті. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдер, психологтар, қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттік органдар екі отбасындағы жағдайды саралады. Қос шаңырақтың отағасы ішімдікке тәуелді, жауапкершілікке тартылған.
РКС: Жиында «өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар санаты бойынша тәуекел тобына жататын отбасылар туралы ақпаратты қарастырылды. Барлық жағдайда мәселе ұқсас. Отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас саласында құқық бұзушылыққа барған. Әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту, ішімдікке тәуелділік мәселелері. Ведомствоаралық комиссия жағдайды жақсартуға қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімшесінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Альбина Дәуенова жұмысы тобы тағдыр тәлкегіне түскен отбасыларды қамтитынын жеткізді. Жәбірленушілерден бөлек, бұзақылармен де жұмыс жүргізуге ерекше басымдық берілмек.
СНХ: АЛЬБИНА ДӘУЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН БӨЛІМШЕСІНІҢ ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: Біз өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларының мәселесіне ерекше назару аударғымыз келеді. Мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, қандай көмек көрсетілетінін, мәселені шешудің жолдарын қарастырамыз. Бірінші кезекте жұмыс тобы агрессорлармен жұмыс істеуге жұмылады. Біз осыған дейін көбінесе зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандарға жәрдемдесіп келдік. Ендігі кезекте қысым көрсетуші тараппен де жұмысты күшейтуді қолға аламыз.
РКС: Облыс аумағындағы барлық емханада психологиялық қызмет жұмыс істейді. Олар отбасында қысымға тап болған кез келген азаматқа, сондай-ақ буллингке ұшырағандарға көмек көрсетеді. Олар тек тұрғылықты жері бойынша ауруханаға тіркелген болуы шарт.
СНХ: ГҮЛНӘР БАЛТАШЕВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ЕМХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Көкшетау қалалық емханасы жанында жастар денсаулық орталығы жұмыс істеп тұр. Ол жерде жоғары білікті психологтар 10 жастан асқан балалар мен 34 жасқа дейінгі ересектерге көмек көрсетеді. Орташа есеппен күнінен 20 шақты адам орталық көмегіне жүгінеді.
РКС: Айта кетейік, отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынастар саласында 80 қылмыстық іс тіркелген, оның 7-еуі сотқа жіберілді. Көпшілігі тараптардың татуласуына орай тоқтатылған.
БЕЙБАРЫС ШАЛАБАЕВ, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ