ДИКТОР: Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жастар ресурстық орталығының бастамасымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Бұл бастама еңбек жолын енді ғана бастағалы тұрған жастарға зор мүмкіндік. Жәрмеңкеге 80-ге жуық түлек қатысты. Олар кәсіби бағыт-бағдар алу үшін жұмыс берушілермен тікелей диалог орнатты.

РКС: Жәрмеңкеде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар ұсынылды. Айта кету керек, бұл жолы жастар ресурстық орталығы да бос жұмыс орындарын ұсынып, жұмыс іздеушілермен байланыс орнатты.

СНХ: ШЫҢҒЫСХАН ЕЛЕШ, ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ОРНАЛАСТЫРУ МАМАНЫ: Негізгі охват бітіруші түлектерге арнап жатырмыз. Техникалық мамандықтар, финансисттер, тағы да басқа көптеген агротехникалық мамандықтар келіп жатыр. Жұмысшы мамандықтар жылының имиджін көтеру мақсатында жасап жатырмыз. Біздің жастар ресурстық орталығына да мамандар керек. Сондықтан бізді қосқанда 17 ұйым қатысып жатыр.

РКС: Жәрмеңкеге 20-ға жуық мекеме қатысты. Олар жұмыс шарттары, талаптары мен әлеуметтік кепілдіктер туралы кеңінен ақпарат берді. Полиция департаменті құқықтану және педагогикалық бағыттар бойынша білім алған түлектерге нақты жұмыс орындарын ұсынып отыр.

СНХ: САҒЫНДЫҚ ДҮЙСЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: Осы жәрмеңкеде Ақмола облысының жастарын жұмысқа шақырумен жұмыс жасап жатырмыз. Біздің полиция департаментіне құқықтану, педагогика және дене шынықтыру мамандықтарымен жұмысқа орналасуға болады. Департаментте әртүрлі лауазымдар бар. Соған жұмысқа шақырамыз. Жастарға басымдық беріледі.

СНХ: ВЕРОНИКА ГАВРИЛЕНКО, СТУДЕНТ: Қазіргі кезде жұмысшы мамандықтары аса сұранысқа ие. Осы салаға байланысты фестивальдер, акциялар сияқты түрлі шаралар жиі өткізіліп тұрады. Жастар оған белсенді қатысады. Өзім - автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы саласының маманымын. Біз сияқты жастар үшін өте ыңғайлы әрі сұранысқа ие бағыт.

РКС: Айта кетейік, мұндай жәрмеңкелер алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізілмек. Себебі жастардың жұмысқа, әсіресе техникалық және мемлекеттік қызмет салаларына деген қызығушылығы артып келеді. Ал өңірдегі еңбек нарығы білікті мамандарға зәру.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ