ДИКТОР: Бүгінде Көкшетау қалалық полиция басқармасында шамамен 600 құқық қорғау қызметкері еңбек етуде. Аттестатталған құрам үнемі жаңарып отырады. Жыл сайын штатқа 30-дан астам жаңа қызметкер қабылданады. Олардың арасында жоғары оқу орнын енді аяқтаған жас мамандар көп.

РКС: Жәбірленушіден арыз қабылдағанда барлық ұсақ-түйекке мұқият назар аударып, сотқа дейінгі тергеудің толықтығы қамтамасыз етілуі тиіс. Өйткені, кейін іс сотқа жолданады. Тергеуші Арайлым Әбутәліпова осылай дейді. Аға лейтенант балабақша тәрбиешісі мен құқық қорғау қызметкерінің отбасында дүниеге келген. Мектепті бітірген соң, әкемнің ізімен полицияға жұмысқа орналасамын деп нақты шешім қабылдадым, - дейді ол. Арайлым Көкшетау қалалық басқармасында 2020 жылдың қарашасынан бері еңбек етіп келеді. Содан бері күнделікті қылмыстық істерді тергеп, кезекшілік құрамына да кіреді.

СНХ: АРАЙЛЫМ ӘБУТӘЛІПОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТЕРГЕУШІСІ: Мен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдадым.. Алғаш еңбек жолымды Ақмола облыстық адвокаттар коллегиясында бастадым. Ол жақта тәжірибе жинақтаған соң, Көкшетау қалалық полиция басқармасына орналастым. Күнделікті жұмысымда Қазақстан азаматтарының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаймын. Сол арқылы Заңның жүзеге асырылуы мен әділдіктің сақталуын қамтамасыз етемін.

РКС: Арайлым Әбутәліпова аға буын әріптестерінің тәжірибесін бойына сіңіріп, солардың еңбек жолын өзіне үлгі етіп келеді. Қиын сәттерде қолдау білдіріп, бағыт-бағдар көрсеткені үшін алғысым шексіз, - дейді кейіпкеріміз. Бүгінде өзі де жас мамандарға тәлімгер. Жыл басынан бері қалалық полиция басқармасына үш жас тергеуші жұмысқа қабылданған.

СНХ: ДИЛЬНАЗ ҚАЛИТАЙ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ТЕРГЕУШІСІ: Оқу бітіріп келген кезде, әлі қатты ештеңе білген жоқпын. Әрине маған өзімнің қасымдағы әріптестерім үлкен буымды аға-әпкелерім, енді, офицерлік құрам, көмектесті. Білмейтін жерлер болатын болса, барлығын үйретті. Содан қазіргі уақытына дейін практика алмасып жүрмін. Солай үйреніп келе жатырмын. Әрине ең алдымен қыз баласы үшін бұл сала ұл балалар қарағанда, сәл ауырлау келеді. Бірақ егер адамның жігер-ынта болатын болса, ешқандай кедергі болмайды.

РКС: Көкшетау қалалық полиция басқармасында 100-ден астам нәзік жанды жұмыс істейді. Заң мен тәртіпті қамтамасыз етуге үлес қосуды мақсат етем дейтіндерге ешқандай бөгет жоқ. Айта кетейік, қазір басқармада 10 тергеуші және 2 анықтаушы жетіспейді.

БЕЙБАРЫС ШАЛАБАЕВ, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.