ДИКТОР: Көкшетау қалалық полиция басқармасына қарасты жедел басқару орталығы 18 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Орталық қызметкерлері құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етіп, қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді. Бұл ретте заманауи бейнебақылау жүйесі мен басқа да техникалық құралдар кеңінен қолданылуда. Бүгін аймақ басшысы Марат Ахметжанов орталықтың материалдық-техникалық жабдықталуымен және жұмыс барысымен танысты.

РКС: Жедел басқару орталығының құрамында «102» желісінің операторлары, бейнебақылау инспекторлары, ауысым жетекшілері мен навигаторлар қызмет атқарады. Олардың негізгі міндеті – құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмыстарды дер кезінде анықтау.

СНХ: ОЛЕГ ГЕРАСИМОВ, ЖЕДЕЛ БАСҚАРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Көкшетау қалалық полиция басқармасының жедел басқару орталығы 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Күн сайын тәулік бойы қызметке 9 қызметкерден тұратын кезекші құрам шығады. Олар құқықбұзушылықтарды анықтап, қылмыстың ізін суытпай ашады. Тәулік ішінде «102» жедел желісіне шамамен 300-ге жуық әртүрлі сипаттағы қоңырау түседі. Сонымен қатар, бейнебақылау камераларының көмегімен күн сайын 130–150 құқықбұзушылық анықталады. Олардың қатарында ұсақ бұзақылық, жол қозғалысы ережелерін бұзу және ізін суытпай ашылған қылмыстар бар.

РКС: Сыртқы бейнебақылау жүйесі - жедел басқару орталығының негізгі техникалық құралдарының бірі. Қазір Көкшетау аумағындағы 281 көшеге бақылау камерасы орнатылған. Бұдан бөлек, адамдар көп жиналатын нысандарда орналасқан шамамен 3 700 камера осы жүйеге қосылған. Өңір басшысына жасанды интеллект технологиясын қолданатын «TARGETEYE» жобасы таныстырылды.

СНХ: ЖҰЛДЫЗ ТАТАҒҰЛОВА, «TARGET AI LIMITED» КОМПАНИЯСЫ ЖОБАЛЫҚ КЕҢСЕСІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: «TARGET AI»-бұл бейнесараптау және бейнемониторинг бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеумен айналысатын компания. Қазір Ақмола облысының Бурабай ауданындамыз, жоба шілде айында аяқталады. Бурабайда 270 камераны қосып, 79 жаңа камера орнатуды жоспарлап отырмыз. Ол қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді көздейді.

РКС: Айта кетейік, өңірде үш жедел басқару орталығы жұмыс істейді. Облыс орталығында, сондай-ақ Щучинск және Степногорск қалаларында орналасқан. Былтыр осы орталықтардың көмегімен облыс аумағында 270-тен астам қылмыс ашылып, 50 мыңға жуық құқық бұзушылықтың жолы кесілді.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ