ДИКТОР: Суицид қоғамда кеңінен етек жайған дерттің біріне айналды. Жасөсіпірімдер арасындағы суицид - қазіргі қоғамның маңызды мәселелерінің бірі. Соңғы екі жылда жасөспірімдерді онлайн-ойындар арқылы құқық бұзушылықтарға, тіпті өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін 20-дан астам Telegram-арна анықталған. Бүгінде балалар мен жеткіншектер виртуалды кеңістікте басталып, шынайы өмірде ауыр салдарға әкелуі мүмкін қауіптермен бетпе-бет келіп отыр.

РКС: Онлайн-ойындар мен жасырын чаттарда психологиялық манипуляциялар, құпия тапсырмалар, қорқыту және жалған уәделер арқылы жасөспірімдердің санасына ықпал ету әрекеттері жиілеп кетті.

СНХ: ЕРБАЯН КЛЁНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ПРОКУРАТУРАСЫ БІРІНШІ БАСҚАРМАНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ: 2023 жылы осындай бір жағдай тіркеліп, құқық қорғау органдарының уақытылы қабылдаған шараларының арқасында суицидтің алдын алды. Қазір негізгі назар Telegram арналары мен WhatsApp мессенджеріндегі деструктивті контенттің алдын алуға аударылуда. Жасөспірімдермен белсенді жұмыс жүргізілуде: мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында полиция қызметкерлері, құқық қорғау органдары мен білім басқармасы өкілдері тренингтер мен семинарлар өткізіп, интернеттегі қауіптер мен қауіпсіздік ережелері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

РКС: Бұдан бөлек, жасөспірімдер арасында буллингке ұшырау, ата-ана мен бала арасындағы өзара түсініспеушілік, отбасындағы жанжалдар, сондай-ақ әлеуметтік ортадан көрген қысым да психологиялық күйзеліске себеп болуы мүмкін. Мұндай факторлар кей жағдайда балалардың өз-өзіне қол жұмсауына дейін жеткізеді. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де - осындай қиындықтарды бастан өткерген жасөспірім. Отбасындағы келеңсіз жағдайлар оның психикалық күйіне кері әсер етіп, бірнеше рет өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасаған. 12 жастағы қызым бұған дейін өте жайдары, мінезі ашық болатын,-дейді. Жұбайыммен ажырасып кеттік. Бірақ қызықм әкесімен кездесіп тұрды. Бір сәтте оның мінезі өзгеріп сала берді. Бөлмесіне қамалып алатынды шығарды,-деп еске алады анасы.

СНХ: ЖАСӨСПІРІМНІҢ АНАСЫ: Ол кезде мен азаматтық некеде тұрдым. Екеуі бір-біріне шағым айтатын, мен бәріне сол адам кінәлі деп ойладым. Бірінші рет үйден кетіп қалғаны да сол кез. Осы оқиғадан кейін біз басқа пәтерге көшіп, әлгі адаммен қарым-қатынасты үздім. Қызымның тыныштығын таңдадым. Оған көбірек көңіл бөлдім. Бірақ ол өзінен үлкен жасөспірімдермен араласа бастады. Жеке заттарынан сіріңке мен өзге де оттық тауып алдым. Көп мөлшерде екі рет дәрі ішіп қойды. Комаға түсіп кетті. Мектепте бір қысым болып жатыр ма, білмеймін. Бәрі мені кінәлайды, Әкімшілікке шақырып, ата-ана құқығынан айыру мәселесін көтерді. Кіші баламды тартып алмақшы болды. Үнемі айыппұл төлеймін. Қазір қызым психологиялық денсаулық орталығында ем алып жүр. Біз ол жердегі мамандардың көмегіне жүгіну үшін өзара келісімге келдік.

РКС: Мұндай жағдайда ең алдымен жасөспірімнің арнайы психологиялық қолдау орталығына жүгінуі маңызды. Өйткені дер кезінде көмек көрсетілмесе, бұл жағдайдың салдары ауыр, тіпті қайғылы аяқталуы мүмкін.

СНХ: ГҮЛІМ ШӘРІПОВА, ОБЛЫСТЫҚ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Бізге сенім телефонына бір қыз бала хабарласты. Ол екі жыл бойы постстрестік жағдайды бастан кешіріп жүргенін айтты. Жағдайы ушығып кеткен. Бұл жерде міндетті түрде психикалық денсаулық орталығының көмегіне бағыттау қажет болды. Себебі бұл жағдайға жай ғана психологтың қолдауы жеткіліксіз, нақты бейінді мамандардың көмегі қажет еді.

РКС: Суицидтің алдын алу - бұл тек мамандардың міндеті ғана емес, сонымен бірге ата-аналар, білім беру мекемелері мен қоғам болып бірлесіп әрекет етуді қажет ететін маңызды мәселе. Осы бағытта суицидтің, әсіресе жасөспірімдер арасында таралуына жол бермеу үшін барлық мүмкіндікті жұмылдырып, алдын алу шараларын күшейту қажет.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ