ДИКТОР: Ертеңнен бастап Көкшетау тұрғындары үшін электр энергиясының бағасы тағы да қымбаттайды. Шекті баға мен сараланған тарифтерді Ақмола облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаменті бекітті.
РКС: Жаңартылған тарифтерге сәйкес, жеке тұлғалар үшін электр энергиясының 1 киловатт-сағаты 29,89 теңге болады. Электр энергиясын қымбаттатудың себебі энергия беруші ұйымдар тарапынан көрсетілетін қызметтердің құны көтеріліп отыр,-деп атап өтті мамандар.
СНХ: АНДРЕЙ ШЕВЧЕНКО, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Оның ішінде бізде жеке тұлғалар үшін лимиттер бар. 100 киловатқа дейін бірінші кіші топ бойынша 26,79 теңге. Екінші кіші топ - 35,87 теңге. Үшінші деңгей — бір адамға 190 киловаттан жоғары болса 44,83 теңге төлейді. Басқа тұтынушылар мен бюджеттік ұйымдар үшін қосымша құн салығын есепке алғанда тариф 52, 91 теңге болады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілер үшін тариф 44,58 теңге.
РКС: Осылайша, Көкшетау қаласы бойынша электр энергиясына орташа баға 10 процентке өсті. Халық үшін өсім 5, ал басқа тұтынушылар үшін 9,4 процентке тең болмақ. Мамандар тарифтерді қайта қарау электр энергиясын өндіру және тасымалдау шығындарының өсуіне ғана емес, сонымен қатар электр желілерін жаңғырту қажеттілігіне де байланысты болып отырғанын жеткізді.
СНХ: АНДРЕЙ ШЕВЧЕНКО, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Ақмола облысы бойынша электрмен жабдықтау саласындағы желілердің тозығы жеткен. Сумен жабдықтау, су бұру, жылумен жабдықтау желілері бойынша да құрылғылар әбден ескірген. Тең жартысынан астамын ауыстыру қажет. "Инвестицияларға айырбастау тарифі" бағдарламасы шеңберінде биыл инвестициялық бағдарламалар 5,5 миллиард теңгеге жуық сомаға ұлғайтылды, бұл өткен жылдан 6,34 процентке көп.
РКС: Табиғи монополияларды реттеу департаменті жаңа бағалар заңнамаға сәйкес келісу рәсімінен өткенін және өңірдегі энергия жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталғанын мәлімдеді. Айта кетейік, департамент жылумен жабдықтау, электр энергиясын беру және тарату, сумен жабдықтау және су бұру, сондай-ақ газ тасымалдау салаларында 151 қызмет көрсететін 65 табиғи монополия субъектісінің қызметін реттейді.
НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.