ДИКТОР: Көкшетауда оқушылар арасында республикалық «Жас құтқарушы» слеті басталды. Төрт күндік жарысқа еліміздің әр түкпірінен 200-ге жуық құтқарушы өз өңірінің намысын қорғауға келген. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.

РКС: Салтанатты ашылу рәсімінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев сөз сөйлеп, барша жас құтқарушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып, жас ұрпақтың бойында азаматтық жауапкершілік пен төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдыларын қалыптастыруда ролі зор екенін атап өтті.

СНХ: ДОСҰЛАН АЙТБАЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бұл жай ғана байқау емес, бұл сіздердің ұйымшылдық, үйлесімділік және командада жұмыс істеу қабілеттеріңіздің жарқын көрінісі. Әрине, осындай іс-шралардың арқасында өскелең ұрпақта, үлкенге деген құрмет, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдері оянады. Мемлекет басшысы атап өткендей, жастар ілгерілеудің символы, келешекке деген үміттің көрінісі. Бүгінде жас қазақстандықтар мемлекеттің дамуына белсенді қатысып, ел өміріне, азаматтық қоғамның дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу мектептен басталып, өмір бойы жалғасатынын ерекше атап өткен жөн. Жарыстың барлық қатысушыларына сәттілік, зор денсаулық, еліміздің даму жолында жоғары кәсіби жетістіктер мен мықты командалық рух тілеймін!

РКС: Бұл шара өскелең ұрпақтың төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету дағдыларын шыңдап, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Жарыс бағдарламасы теориялық және практикалық кезеңдерді қамтиды. Қатысушылар төтенше жағдайлар кезінде алғашқы медициналық көмек көрсету, су айдындарындағы құтқару, іздестіру-құтқару жұмыстары және командалық жұмыс дағдыларын көрсету бойынша өзара бақ сынаспақ. Сондай-ақ, дода спорттық қана емес, шығармашылық бағытты да қамтиды.

СНХ: ЕРСАЙЫН ҚОЙШЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Жас құтқарушыларды бір апта бойы тартысқа толы әрі қызықты кезеңдер күтіп тұр. Бағдарлама аясында қабырға газеті байқауы, түрлі спорттық жарыстар, сондай-ақ суға батып бара жатқан адамды құтқару сияқты практикалық сайыстар ұйымдастырылады. Шараның негізгі ұйымдастырушылары – Төтенше жағдайлар министрлігі, облыстық төтенше жағдайлар департаменті және Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы. Айта кету керек, бұл слетке өз өңірлерінің намысын қорғауға келген ең үздік жас өрендер жиналды. Олар қалалық, аудандық және облыстық деңгейдегі іріктеу кезеңдерінен сәтті өтіп, республикалық додаға жолдама алғандар.

РКС: Жас құтқарушыларды бір арнаға тоғыстырған бұл шараға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 200-ден астам мектеп оқушысы қатысуда.

СНХ: БАЙДӘУЛЕТ ӘБЖАН, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЛЕТКЕ ҚАТЫСУШЫ (ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ): Біз алдыңғы жылы Алматы өңіріне барып қайттық. Бүгін міне, Көкшетау қаласындамыз. Мағжан Жұмабаев айтқандай, Мен жастарға сенемін демекші, жастардың бойында патроттық сезімді оятатын, өзінің елін сүю, өзінің жері үшін жанын беру, Отан үшін отқа түс дейді ғой, төтенше жағдайларда әрекет етуді, патриоттық сезімді ұялататын жарыс болып табылады. Өзгелерге сәттілік, өзімізге жеңіс тілеймін!

РКС: Жас құтқарушылар арасындағы жарыс алдағы бірнеше күн бойы жалғасады. Слеттің ресми қорытындысы шілденің 4-де шығарылады. Үздік деп танылған командалар арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталады.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ