ДИКТОР: Ақмола облысында «Зиялы қауым» жобасы қолға алынғалы ауылдардағы қылмыс 21,6 процентке азайды. Мәселен, Атбасар ауданының Шуйское ауылында соңғы бес жылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген.

STAND-UP: БИБІНҰР ӘМІРХАНҚЫЗЫ, ТІЛШІ: Шуйское ауылы – өңірдегі қауіпсіз ауылдардың бірі. Мұнда мәдениет ошағы, спорт кешені, стадион, балалар ойын алаңы дейсіз бе, жайлы өмір үшін қажеттінің бәрі бар. Қаздай тізілген біркелкі жаңа үйлерді жергілікті шаруашылық 2021-ші жылы сала бастаған. Ең бастысы, ауыл тұрғындарының ұйқылары тыныш. Себебі, елді мекен ұрлық-қарлық, қылмыс атаулыдан ада.

РКС: Ауыл тұрғындарының заң бұзуға уақыттары да жоқ. Егін мен мал шаруашылығы қатар дамыған елді мекенде барлығы жұмыспен қамтылған. Көшеде тазалық пен тәртіпті еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қатаң сақтайды.

СНХ: АЖАР ҚАЖЫМҰРАТОВА, ШУЙСКОЕ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Біздің ауылымыз жайлы. Осы ауылда ешқандай қауіп жоқ деп үлкен сеніммен айта аламын. Біз тіпті, кейде үйімізді құлыптамай да, жұмысқа жүріп шығып кетіп жатамыз. Бұл да халықтың бір-біріне деген сенімі.

РКС: 700-ден аса тұрғыны бар ауылда 200-дей камера орнатылған. Бұл учаскелік полиция инспекторына ауылдағы тәртіпті бақылауға үлкен көмек.

СНХ: БАҒДАТ ӨТЕУОВ, УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ: Общественный помощник деген бар, ақсақалдармен кешкі дежурствоға шығып, қарап отырамыз бәрін. Қылмыс, әкімшілік бұзушылық болмасын деп. «Зиялы қауым» бағдарламасы аясында ақсақалымыз жастармен сөйлесіп, кеңестерін береді, ұрлық жасамауға, профилактикалық жұмыс жасауға, көмектесіп, жұмыс істейміз.

РКС: Шуйское ауылында мықты тәртіп орнығуына өзіндік үлесін қосып келе жатқан ақсақал Еркебай Байжігітов жуырда Президенттің алғысына бөленсе, бүгін облыс әкімінің марапатына ие болды.

СНХ: ЕРКЕБАЙ БАЙЖІГІТОВ, ШУЙСКОЕ АУЫЛЫНЫҢ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ: Біздің ауыл таза, бір-бірімізге сенеміз, тәртіп бар. Үйлерімізді құлыптамай кетеміз. осы өткен 5 жылда біздің ауылымызда ешқандай преступление болған жоқ. Соны біздің ақсақалдармен бірге үйлеріне барып жүрміз, ақылымызды айтамыз.

РКС: Облыста 500-ге жуық елді мекен болса, соның 98-інде соңғы 4-5 жылда бірде-бір құқықбұзушылық тіркелмеген. Бұл ауыл тұрғындары мен учаскелік полиция инспекторларының бірлескен жұмысының нәтижесі.

БИБІНҰР ӘМІРХАНҚЫЗЫ, ДАНИЯР ЖҰМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ