ДИКТОР: Көкшетау қаласының 451 тұрғыны референдум күні үйінде отырып дауыс берді. Олар денсаулығына, кәрілік жасына байланысты алдын ала өтініш берген азаматтар. Учаскелік комиссия мүшелері мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарт адамдардың үйлерін аралап, арнайы дауыс беру жәшіктерін алып барды.

РКС: Еңбек ардагері, Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі Күләш Темірбаева өмір бойы өзінің азаматтық ұстанымын белсенді түрде білдіріп келеді. Ол бұрын учаскеге алғашқылардың бірі болып барып, дауыс беретін. Бүгінде 90 жасқа таяған Көкшетау қаласының құрметті азаматы өз таңдауын үйінде отырып жасады.

СНХ: КҮЛӘШ ТЕМІРБАЕВА, ЕҢБЕК АРДАГЕРІ: Бәріміз аман-есен болайық. Жақсылық. Біз балалар үшін, жұрт үшін. Біздің Президент Қасым-Жомарт Тоқаев политикасы біз бәріміз қолдаймыз. Өте жақсы өтеді. Өздеріңізге, участковая комиссияға жұмыстарын табысты болсын. Жастар аман болсын.

РКС: Үйден дауыс бергендердің қатарында Михаил мен Светлана Оладько да бар. Көру қабілеті нашар ерлі-зайыптылар референдум қарсаңында учаскелік комиссия мүшелерінен арнайы шақырту алған. Комиссия өкілдері олардың дауыс беруін көшпелі форматта ұйымдастыруды ұсынды. Нәтижесінде олар Брайль әліпбиі негізінде әзірленген арнайы бланкілер арқылы өз таңдауларын жасады.

СНХ: МИХАИЛ ОЛАДЬКО, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бізге арнайы келгендеріңіз үшін үлкен рақмет. Қазір мүгедектігі бар үйде дауыс беру мүмкіндігі жасалғаны өте қолайлы болып отыр. Осылайша бізге алысқа барудың қажеті жоқ. Жақсы жағдай жасағандарыңыз үшін баршаңызға үлкен алғыс айтамыз.

СНХ: СВЕТЛАНА ОЛАДЬКО, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Әрине, бұл өте ыңғайлы. Көру қабілетіміз нашар болғандықтан, бір жерге барып-келу бізге қиындық тудырады. Мысалы, Уәлиханов университеті қай жерде екенін білсек те, оған дейін бару оңай емес. Сондықтан комиссия мүшелерінің үйге келгені әлдеқайда қолайлы болды. Барлығы тыныш әрі жайлы өтті, біз де өз дауысымызды беріп, азаматтық міндетімізді орындадық.

РКС: Шаhардағы №10 сайлау учаскелік комиссиясы мүшелері референдум күні азаматтардың белсенділігі жоғары болғанын айтады.

СНХ: АСЕЛЬ ШӘЙКЕНОВА, №10 УЧАСКЕЛІК РЕФЕРЕНДУМ КОМИССИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ: Біздің сайлау учаскемізде 2751 азамат тіркелген. Комиссия мүшелерінің саны – 9 адам, олардың ішінде 7 байқаушы, төраға, хатшы және төрағаның орынбасары бар. Біз азаматтарды шақырдық, пәтерлеріне бардық. Бүгін келе алмағандар алдын ала өтініш жазған. Үйден дауыс беруге жалпы 7 өтініш түсті, оның 4-і мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тиесілі. Үйден дауыс беру келесі тәртіпте жүргізілді. Комиссиядан 2 адам, сондай-ақ байқаушылар және БАҚ өкілдері көрсетілген мекенжайларға барады. Олар арнайы шағын дауыс беру жәшігін қолданып, азаматтар өз дауысын берді.

РКС: Көкшетауда үйден дауыс берген азаматтар саны – 451. Референдум өтетін әрбір учаскеде қозғалыс аппаратына мүгедектігі бар азаматтардың қолжетімділігін ескере отырып арнайы дауыс беру кабинасы да ұйымдастырылды.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, САНЖАР НҰРРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.