ДИКТОР: Темірдің аты темір. Кез келген техникадан ақау шықса ең алдымен автослесарь көмекке келеді. Марат Ярулин «ENKI PLUS» өндірістік кәсіпорны ашылғаннан бері бір жерде табан аудармастан еңбек етіп келеді. Ұзақ жылғы еңбек өтілінде техниканың ақауын дыбысынан аңғаруды меңгерді. Білікті маманмен әріптесім кездесіп қайтты.

РКС: Марат Ярулиннің күн сайынғы жұмысы көліктерді тексеруден басталады. Қозғалтқыштың дыбысын, жүрістік бөлігі мен резеңкесін қарап шығады. Оның мамандығының өз ерекшелігі бар. Қара күшке салып жұмыс істеу деген ұғым емес, бұл жерде логикалық ойлау қабілеті жоғары болуы тиіс. Техника нақтылықты, шыдамдылық пен назар аударуды талап етеді.

СНХ: МАРАТ ЯРУЛИН, АВТОСЛЕСАРЬ: Техниканың ақауын оның дыбысынан-ақ білемін. Оның ақауын тезірек жөндеп, жұмысқа кіріскенінен ерекше ләззат аламын. Кез келген қиындықты еңсеруге болады. Кейде ойыңдағың жүзеге аспай жатқан кезде жүйке жұқаратын сәттер де болады. Ол кезде сабырлық сақтап, сәл тыныстап алып, іске қайта кірісемін.

РКС: Автослесарь мамандығы өзін ұдайы дамытып отыруды талап етеді. Марат Ярулин күн сайын үйренгеннің артықтығы жоқ дейді. Өйткені, техника үнемі жаңаруда. Сонымен бірге оны жөндеу тәсілі де өзгереді.

СНХ: МАРАТ ЯРУЛИН, АВТОСЛЕСАРЬ: Адам қай жасқа келсе де бірнәрсені үйреніп болдым, толдым демеуі керек. Үнемі өзін-өзі дамытып отырған абзал. Бізде мысалы Андрей Васильевич деген аула сыпырушы бар, зейнеткер. Менің ол кісіден әлі де үйренерім көп. Әлдебір дүниені жөндеп жатқанда қолымнан келмей жатса, сол кісі ақыл-кеңесін айтады. Білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз екен. Сондықтан өмір бойы үйрену артықтық етпейді.

РКС: Автослесарь мамандығы үшін әр бөлшектің маңызы зор. Ол жерде ұсақ-түйек деген дүние жоқ. Марат Ярулиннің жұмыс күні техника жөндеумен ғана шектелмейді. Ол тұтас ұжымның реттелген әрі сапалы жұмысына үлес қосып жүр.

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ