ДИКТОР: Қарттар қатарының көбеюі - қазіргі қоғамдағы негізгі демографиялық үрдістің бірі. Үйде көрсетілетін әлеуметтік қызметтер егде жастағы адамдарға күнделікті дағдылы өмір салтын сақтауға мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, жүріп-тұруы қиын немесе созылмалы ауруларға шалдыққан жандар үшін аса маңызды. Бүгінде өңірде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 17 орталық жұмыс істейді. Олардың қызметінің арқасында 3 мыңнан астам адам көмек алуда. Мамандар тек тұрмыстық және медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, сондай-ақ қамқорлық пен жанашырлық атмосферасын қалыптастырады. Тілші жалғастырсын.

РКС: Үйде көрсетілетін қолдау тұрмыстағы істерге көмекті, азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізуді, санитарлық-гигиеналық күтімді, сондай-ақ психологиялық және эмоциялық қолдауды қамтиды. Қамқорлыққа алынған азаматтарға 8 бағыт бойынша арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Мәселен, тек Көкшетау қаласының өзінде 780 адам жүйелі әрі кешенді көмек алуда.

СНХ: ГҮЛМИРА БЕКНАЗАРОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ҮЙ ЖАҒДАЙЫНДА АРНАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕТІН ОРТАЛЫҚТЫҢ БАСШЫСЫ: Олардың 585-і жалғыз тұратын зейнет жасындағылар. Балалары қалада тұрмайды, кейбірі шетелде. Қазақстаннан тыс жерлерде немесе өздері де зейнет жасындағы адамдар. Жыл басынан бері 58 өтініш келіп түсті. Біз олардың бәрін кезекпен қабылдап жатырмыз. Қазір орталықта іс жүзінде кезек жоқ.

РКС: Мұндай көмек түрі егде жастағы адамдардың физикалық және психоэмоционалдық денсаулығын сақтауға ықпал етеді. Бұл, әсіресе, жақындарынан айырылған немесе әлеуметтік белсенділігі шектеулі қариялар үшін қарттықпен қатар жүретін оқшаулану, жалғыздық пен күйзеліс қаупін төмендетеді.

СНХ: ГАЛИНА КУЛЬБИЦКАЯ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Жасым 74-те. Әлеуметтік қызметтерді пайдаланамын. Жалғызбасты зейнеткерлерге, біздің жастағы адамдарға мемлекеттің көңіл бөлуі, қамқорлығы үшін шексіз алғысымды білдіремін. Сондай-ақ, әлеуметтік қызметкерге де ризашылығымды айтқым келеді.

РКС: Халыққа әлеуметтік қолдау көрсетуде әлеуметтік қызметкерлер негізгі роль атқарады. Егде жастағы адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін олар тек күнделікті істерде көмек көрсететін маман ғана емес, сонымен қатар олардың әлеуметтік ортасының маңызды бөлшегіне айналады.

СНХ: САУЛЕ РАҚЫШЕВА, ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕР:

Бұл салада жұмыс істеп жүргеніме 8 жыл болды. Осы уақыт ішінде мен егде жастағы адамдармен қарым-қатынас жасаудың баға жетпес тәжірибесін жинақтадым. Біздің қызметімізде негізінен қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Әрине, бұл жұмыс өте қиын - психологиялық тұрғыдан да, кейде физикалық жағынан да ауыр.

Мейірімділік, еңбекқорлық, жауапкершілік сияқты қасиеттер менде осы жұмыстың барысында қалыптасты. Бұл мен үшін жай ғана жұмыс емес. Мен өз қамқорымдағы жандардың барлығын жақсы көремін, әрқашан көмекке келуге, қашан қоңырау шалса да, жауап беруге тырысамын.

РКС: Әлеуметтік қызмет алушыларға емханаға, қызмет көрсету орталығына, моншаға немесе шаштаразға бару үшін көлік құралдары да берілген. Бұл егде жастағы және қозғалысы шектеулі азаматтарға тек үй жағдайында ғана емес, сыртқы инфрақұрылымға да қолжетімділікті қамтамасыз етеді.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ