ДИКТОР: Көкшетаудың жаңа жағалауындағы әсем амфитеатрда алғаш рет ауқымды концерт ұйымдастырылды. Бұл мәдени шарада халқымыздың ұлттық музыка өнерінің інжу-маржанына айналған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі қала тұрғындарына арналған ерекше рухани серпіліс сыйлаған әсерлі концерттік бағдарламасын ұсынды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Өнер ұжымы концерттің шымылдығын Түркештің «Көңілашар» күйімен ашты. Әуезді әуенмен басталған кеш барысында көрермендер Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей сынды қазақтың ұлы күйшілерінің мәңгілік мұрасымен қайта қауышты. Сондай-ақ, Жорж Бизе, Йоганн Штраус, Евгений Брусиловский мен Ахмет Жұбановтың көрнекті шығармалары орындалып, көрермен көңілінен ерекше орын алды. Бүгінде 90 жылдық тарихы бар бұл оркестр - еліміздің мәдени өмірінде өзіндік орны бар өнер ұжымы. Ауқымды шығармашылық қызметі мен бай репертуары арқылы танылған оркестр құрамында қазіргі таңда 80-ге жуық кәсіби музыкант еңбек етуде. Ұжымның репертуарында ұлттық және әлемдік классикадан бастап, заманауи авторлық туындыларға дейін 5 мыңнан астам музыкалық шығарма жинақталған.
СНХ: АБЫЛАЙ ТІЛЕПБЕРГЕН, ҚҰРМАНҒАЗЫ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ХАЛЫҚ АСПАПТАР ОРКЕСТРІНҢ БАС ДИРИЖЕРІ: Енді әр концерт сайын бағдарламамызды өзгертіп, мына халыққа ең осы бара жатқан жерімізге байланысты қаймақтарын ұсынуға тырысамыз көбінесе. Репертуарлық жағынан, орындаушылық шеберлік жағынан әрдайым даму үстіндеміз. Бүгін мынау қасиетті Көкшетау жеріне келіп, біздер өте қуанышты болдық. Осындай жерге келіп, ұлы-ұлы адамдар туылған жерге келіп, концерт беру – біз үшін өте үлкен мақтаныш болып тұр. Және де осындай халық арасында, көлдің жағасында осындай керемет жаңадан тұрғызылған амфитеатрға концерт беру үстіндеміз. Барынша халыққа халық білетін күйлерді, әндерді қосуға көптеп тырыстық. Шақырғандарыңызға көп рақмет айтамыз!
РКС: Сондай-ақ, кештің арнайы қонақтары Батыржан Мықтыбаев, Аяжан Қуанышәлиева, Ажар Еркебұланова бастаған өнер майталмандары сахнада өнер көрсетті. Әсіресе, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы терең мағыналы, жүрекке жетер әндері кештің шырайын кіргізіп, көпшілікті тебірентіп, ерекше әсерге бөледі.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: БАҚТЫГҮЛ ГАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Бүгінгі күні Көкшетауда, Көкшетаудың сұлу табиғатында өзіміздің, Қазақстанның Құрманғазы атындағы ұлттық оркестрі келіп, өте бір қала тұрғындарына көңіл-күй сыйлауда. Жұмыстан кейін шаршағанымызды басып, осы жағалауға келіп. Биыл жағалау ашылғалы керемет үлкен-үлкен іс-шаралар өтіп жатыр. Соның бірі, мінеки 20 жыл бұрын келген Құрманғазы ұлттық оркестрі келіп, әнші ағамыз Нұрлан Өнербаев ағамыз келіп, бүгін халық сондай бір жақсы көтеріңкі көңіл-күй сыйлап жатыр. Өте қуаныштымыз!
СНХ: НҰРЛАН ӨНЕРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ: Көкше өңіріне менің өнерпаз ретінде ең алғаш қадам басқан жылым 1984 жыл. Міне, сол жылдан бері бұл өңірге, бұл қалаға өнер сапарымен қаншама рет келдім. Әр келген сайын елдің өнерге деген, әнге деген жалпы орындаушыға, өнерпазға деген ықыласына қашан да шомылып, соған риза болған сәттеріміз көп болған. Бүгінгі келісіміздің орны бөлек! Мынау Көкшетау қаласының іргесіндегі мынау Қопа көлінің жағалауына әдемі жағажайдың салынуы, оның қала игілігіне, қала тұрғындарының пайдалануына бүгін ұсынылып, соның тұсауы кесіліп, ашылуы болғанына, сол мерекеге қарсаң келдік. Және оның ашылуын облыс басшысы Марат Мұратұлының ұйғарымымен 90 жылдық тарихы бар қазақтың қазақ өнерінің қара шаңырағы саналатын ұлттық оркестр – Құрманғазы оркестрімен ашылуы – бұл өнерге деген, қазақтың төл өнеріне деген үлкен құрмет!
РКС: Ұлттық өнермен сусындаған көрермендер кештен ерекше рухани әсер алып, шабыттанып тарқасты.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ