ДИКТОР: Аршалы ауданына қарасты Арнасай және Бұланды ауданының Алтынды ауылдарында медициналық мекемелер ашылды. Дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік-акушерлік пункт заманауи жабдықтармен жарақтандырылған. Ендігі кезекте олар ауыл тұрғындарын сапалы алғашқы медициналық көмекпен қамтамасыз етпек. Қос нысан заңсыз шығарылған активтерді елге қайтарудан түскен қаржыға салынды. Бұл мақсатқа арнайы мемлекеттік қордан 295 миллион теңгедей қаржы бөлінді.

РКС: Аршалы ауданына қарасты Арнасай ауылындағы дәрігерлік амбулатория 2 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. Жақын маңдағы Қойгелді, Елтоқ, Бабатай станциясы мен 42-ші разъездің тұрғындары келеді. Медициналық мекеме бір ауысымда 45 келушіге арналған. Ғимарат заманауи жабдықтармен жарақтандырылған. Қабылданған шаралар ауыл тұрғындарының алғашқы медициналық көмекке қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік беретіні айтылуда.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Осы Аршалы ауданында, осы Арнасай ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылуымен салтанатқа келіп отырмыз. Соның бәрі осы Президенттің,халықтың жағдайын жақсартуға арналған бағдарлама арқасында.Халықтың игілігіне жұмыс істесін. Құтты болсын!

СНХ: ҒАЛЫМЖАН ҚОЙГЕЛДИЕВ, ҚР БАС ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Тек Ақмола облысында ғана 33 әлеуметтік жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, оның 10-ы денсаулық сақтау мекемесі. Прокуратура органдарының міндеті қайтарылған активтердің мақсатты жұмсалуын бақылау. Қайтарылған әр теңге Қазақстанның дамуына қызмет етуі тиіс.

РКС: Ауыл тұрғындары үшін бұл ең маңызды оқиға. Бұған дейін олар медициналық қызмет түрлерін қалаға немесе аудан орталықтарына барып алып келген.

СНХ:ДӘМЕШ МАУСЫМБАЕВА, БАЛАТАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мен осы Арнасай ауылдық окургында 50 жыл өмір сүріп келе жатырмын.Сол енді осы бүгінгі қуанышым шексіз, қуанамын. Аудан, қалаға шапқыламаймыз. Мемлекет Президентіне Қасым-Жомарт Тоқаевқа көптен-көп рахмет.

СНХ:АМАНҒАЗЫ СЕЙІТОВ, АРНАСАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Ауылымызда бұрын емдеу пункті кішкентай,нашарлау болатын. Мынау ауыл болып қуанып жатырмыз. Мынадай үлкен ғимарат салып беріп, енді қаншама жұмыс орны болады ішінде. Осы уақытқа дейін Аршалы ауданына баратынбыз.Өзіміз бір жеріміз қатты ауырса скорый шақыртатынбыз. Енді қазір мындай ғимарат салынып жатқаннан кейін өзіміздің жерде, өзіміздің ауылда болғаннан кейін осында келіп қараламыз.

РКС: Алтынды ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункте 1200-ден астам адам тіркелген. Штат медицина қызметкерлерімен толық жасақталған. Акушер, мейірбике мен санитар жеткілікті. Дәрігер аптасына бір рет және шақырту бойынша келіп тұрады. Медициналық мекеме заманауи құрылғылармен жарақтандырылған.

СНХ: БАҚЫТЖАМАЛ ХАСЕНОВА, АЛТЫНДЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бүгін, міне, жаңа емхана ашылып елімізде сондай жақсы жаңалық болып жатыр. Ескі больницамызда енді бәлен жыл енді ем алдық. Жақсы қызмет көрсетті, дәрігерлеріміз, медбикелеріміз жақсы емдеп, көмек көрсетті. Президентімізге көптен-көп рахмет осылай халықтың жағдайын жасап жатқан, жаңадан осылай емханалар, мектептер, балабақшалар салдыртып жатқан!

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бұл енді біздің мемлекет басшысының – Президентіміздің бастамасы. Сондықтан, бұл үлкен жоба! «Ауыл – ел бесігі» енді осы ауылдағы қалада қандай жағдай, ауылда да сондай жағдай болсын деп үлкен осы Президенттің мынау ауылдағы халықтың жағдайын, тұрмысын жақсарту мақсатында жасалып жатқан үлкен жоба. Ұлттық болшаққа деген бір жақсы көзқарасы. Сондықтан, сіздер де осыны қабыл алыңыздар!

РКС: Арнасай ауылындағы амбулатория мен Алтынды елдімекенінде фельдшерлік-акушерлік пункт ашу әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың бір бөлігі. Қос нысан заманауи құрылғылармен жабдықталған. Ақ халаттылар жоғары деңгейде медициналық көмек көрсетуге дайын.

НҰРСӘУЛЕ МҰРАТ, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ДАМИР САДЫҚОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ