ДИКТОР: Балалар уақытының басым бөлігін мектепте өткізетіні белгілі. Демек, белгілі бір жағдай туындап қалған жағдайда ең алдымен дабыл белгілерін байқайтын ұстаздар. Көкшетауда мектеп директорлары, олардың орынбасарлары мен мектеп психологтарына арналған тренинг-семинар өтті. Шараның басты мақсаты - жасөспірімдер арасындағы нашақорлықтың алдын алу. Мамандар мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қандай шаралар қолдануы тиіс, бұл мәселеге қатысты заң алдындағы жауапкершілік туралы кеңінен түсіндірді.
РКС: Жыл басынан бері өңірде синтетикалық есірткі таратқан 18 адам ұсталды. Олардың бірі - кәмелет жасына толмағандар. Сондай-ақ, ақмолалық 2 жасөспірім есірткіге тәуелді ретінде есепке алынған. Шараға қатысқан 120 қатысушының әрқайсысы өз мектебінде нашақорлықтың алдын алу үшін не істеу керектігі жайында мағлұмат алды.
СНХ: МАРИЯ ПРИЛУЦКАЯ, СЕМЕЙ МЕДИЦИНА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚАУЫМДАСТЫРЫЛҒАН ПРОФЕССОРЫ: Бүгінгі аудитория - үлкен тәжірибесі мен кәсіби біліктілігі бар мамандар. Олар балалармен қалай жұмыс істеу керек екенін, ата-аналармен тиімді диалог орнату жолдарын жақсы біледі. Жалпы, нашақорлықтың алдын алу - бұл әлеуметтендіру процесі. Ал мектеп - осы процестің басты институты, әлеуметтендіру агенті. Яғни, бұл мамандар балаларға тек білім беріп қана қоймай, олардың қоғамдағы түрлі сын-қатерлеріне қарсы тұруына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне, әлеуметтік мәселелерді шешуіне жол ашатын жандар. Бұл - адамның есірткіге тәуелді болмауына және оның алдын алуға көмектесетін басты әрі негізгі дағды.
РКС: Елімізде заң алдындағы жауапкершілік 14 жастан басталады. Бұл шамамен 7-ші сынып оқушысы. Құқық қорғау органдарының деректеріне сүйенсек, биылдың өзінде өңірде есірткіге қатысты шамамен 150 құқық бұзушылық фактісі тіркелген. Жиын барысында құқық қорғау органдарының өкілі қатысушыларға есірткі заттарына қатысты заңнамадағы кейбір өзгерістерді еске салды.
СНХ: РӘЗИЯ ҚҰРСАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ: Заңнамадағы өзгерістерді ескерсек, қазір есірткі бизнесін ұйымдастыру мен оны таратқаны үшін жауапкершілік ретінде бөлінді. Бұл өзгерістер неге енгізілді? Ең алдымен, заңды білмеген соң, жеңіл ақша табуды көздейтін жасөспірімдердің, яғни жасырын таратушылардың саны артып келеді. Мұндай жас құқықбұзушыларға қатысты қылмыстық жауапкершілік біршама жеңілдетілді. Енді бұл санаттағы тұлғаларға 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Яғни, ең төменгі жаза - 5 жыл. Бұрын бұл мерзім 10 жыл болатын.
РКС: Былтыр елімізде мыңнан астам «жасырын таратушы» сотталды. Статистикалық деректерге сәйкес, есірткіге байланысты құқық бұзушылықтар үшін кәмелетке жасы толмаған 60 жасөспірім ұсталған. Олардың 9-ы бүгінде бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуде. Профилактикалық жұмыс - бұл бір реттік шара емес, күн сайын жүргізілетін жүйелі әрі тұрақты жұмыс. Ол неғұрлым ерте басталса, жастардың өмірін сақтап қалу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады, - дейді ұйымдастырушылар.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ