ДИКТОР: Шортанды ауданында 19 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Қазір аудан экономикасына қаржы тарту жұмыстары қарқынды. Ауданға жұмыс сапары аясында аймақ басшысы Марат Ахметжанов инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
РКС: Аудандағы ауқымды жобаның бірі – «Қазақстан Орманы» серіктестігінің орман тәлімбағы. Құны 6 миллиард теңге. Жобаның алғашқы кезеңіне 1,5 миллиард теңге инвестиция салынған. Маусымдық жұмысқа 100 адамға дейін тартылады.
СНХ: ЕЛЕНА ЛЕВИНА, «ҚАЗАҚСТАН ОРМАНЫ» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ЖҰМЫСШЫСЫ: Бір қараған адамға бұл жұмыс жалықтырып жіберетіндей. Бірақ, таза ауада отырып істеген жақсы ғой, Ауа райы да қолайлы болып тұр. Ең бастысы басшылықтың жұмысшыларға деген қарым-қатынасы ұнайды өзіме. Өте жақсы қарайды бізге.
РКС: Орман тәлімбағы 485 гектар аумақты алып жатыр. Оның 90 гектарына жуығына су тартылып, қоршалған. Кешенде суару жүйесі мен су жинақтау қоймасы бар заманауи өндірістік база құрылған. Екі маусымда ағаштың бірнеше түрі отырғызылды.
СНХ: ҚУАТ ЕРҒАЛИЕВ, «ҚАЗАҚСТАН ОРМАНЫ» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: 2,5 миллион түпке жуық өсімдік отырғыздық. Негізінен шегіршін, терек, тал, жөке көшеттері. Әр ағаштың бірнеше түрі егілді. 12 мың текше метр су жинақтағышымыз бар. Осы жерден 7 құдық қаздық. Егер газ құбыры, электр энергиясы тартылса, қуаттылықты да арттырамыз. 16 мың гектарға жуық алқапқа жылыжай орнатпақпыз. Онда қызанақ, аскөк, ақжелкен, рукола, басқа да көкөкніс өсірмекпіз.
РКС: «Бозайғыр» серіктестігінің кірпіш зауыты өндіріс қуатын қарқынды арттыруда. Жоба толық іске қосылғанда жылына 120 миллион дана кірпіш шығаруға қауқарлы болады. Жалпы инвестиция көлемі – 5 миллиард теңге. Қазіргі таңда зауыттың жаңа блогы салынуда. Орнын дайындау жұмыстары аяқталып, жуырда қажетті жабдықтар жеткізілмек.
СНХ: ШАТЛЫК ИМИНОВ, «БОЗАЙҒЫР» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: 5-6 айдың ішінде біз осы заводты құрастырып бітіреміз деген жоспарымыз бар. Қазір бір ай болды жұмыс бастағанымызға. Қыркүйек айында аяқталады жұмыстар. 1 қазанда жұмыс бастаймыз деп жаңа кірпіш шығаруға тырысамыз деп жоспарымыз бар. Жаңадан жұмыс орны 30-ға жақын тек қана инженерно-технический жұмыскерлер, солармен қамтамасыз етеміз. Жаңа технология бойынша роботтар, автоматика көлемінде жұмыс істейтін мамандарды дайындап жатырмыз.
РКС: Жыл басынан бері Шортанды ауданына тартылған инвестиция көлемі 5 миллиард теңгеден асты. Құрылыс жұмыстарының көлемі екі есеге жуық артқан. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов ауданда инвестиция тарту бағытында жүргізіліп жатқан жұмысты бағалады. Салынған әр теңге нақты нәтиже беруі тиіс. Жұмыс орындарын ашатын, жергілікті өндірісті дамытатын және тұрғындардың өмір сапасын арттыратын жобаларды қолдайтынын жеткізді. Ауданның тұрақты дамуы – осы бағыттармен тығыз байланысты», – деп атап өтті облыс әкімі. Сапар барысында Бозайғыр ауылында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен де танысты. 300 орынға арналған спорт нысанында бүгінде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
СНХ: ЖАНДОС ҒАЗЕЗОВ, «МЕЙІР М» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Ішкі әрлеу жұмыстары мен аумақты абаттандыру ғана қалды. Қазір 60-қа тарта адам жұмыс істеп жатыр.Қаржыландыру бекітілсе, қосымша тағы да 150-дей адамды тартып, нысанды тездетіп бітіруге тырысамыз. 6 техника жұмыс істеп жатыр. Нысанның аумағына асфаль төсеу жұмысын да жеделдетеміз. Бәрі қаржының түсуіне байланысты. Ауа райы қолайлы болып тұрғанда осы айда бәрін аяқтаймыз деп отырмыз. Ішкі әрлеу жұмысын да бітіруіміз керек.
РКС: Шортанды ауданы инвестициялық белсенділіктің тұрақты өсімін көрсетіп келеді. Әр жоба – жаңа жұмыс орындары, салық түсімдері, өңірдің дамуына тың серпін бермек. Жұмыс сапары қорытындысы бойынша аймақ басшысы аудан әкімдігіне инвестициялық жобаларды сапалы әрі мерзімінде іске асыруды тапсырды. Сонымен бірге олардың толық сүйемелденуін және нақты секторға қаржы тарту жұмысын жалғастыруды қамтамасыз етуді де міндеттеді.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ