ДИКТОР: Көкшетауға жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев келді. Сапар барысында кеңесші Ақмола облысының активімен кездесті. Онда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоғамдық тұрақтылық және елдегі жүзеге асырылып жатқан реформалар мәселелері кеңінен талқыланды. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.
РКС: Кездесу барысында қоғам белсенділері мен жергілікті атқарушы орган өкілдері мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өңірде жүзеге асып жатқан ауқымды жобалар туралы кеңінен баяндады. Олардың қатарында еліміздегі әлеуметтік және экономикалық дамуға ықпал ететін маңызды бастамалар атап өтілді. Жиында Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі де маңызды тақырып ретінде талқыланды. Ассамблеяның еліміздегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтудағы рөлі және оның бірегей құндылықтары туралы айтылды. Сондай-ақ, еліміздің экологиялық жағдайды жақсарту және халықты экологиялық мәдениетке тәрбиелеуге бағытталған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы туралы да сөз болды. Білім беру жүйесіндегі реформалар да жиынның басты тақырыптарының бірі болды.
СНХ: ӘЙГЕРІМ ҚОШАНОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Елімізде мемлекет басшысының қолдауымен елімізде көптеген жобалар жүзеге асырыла бастады. Оның ішінде, біздің «Жайлы мектеп» жобасы елімізде өз жұмысын бастады. Соны қазіргі таңда «Келешек мектеп» жобасына ауыстырылып, Ақмола облысында 9 мектеп білім ордасы ашылды. Соның екеуі Көкшетау қаласында 1500 орындық екі жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл өз кезегінде жақын маңда орналасқан білім беру ұйымдарының оқушы жүктемесін азайтуға мүмкіндік берді. Аталған білім ордаларының басты артықшылығы материалдық-техникалық базасының толық қамтылуы.
РКС: Өз кезегінде Мәлік Отарбаев заң мен тәртіпті нығайту, қоғамдық мәдениетті арттыру, ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық идеология және ұлттық әдебиетті насихаттау мәселелерінің маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол қоғамдық сананы жаңғырту мен ұлттық рухты көтеру үшін бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқару қажет деп есептейді. Сөзін қорытындылай келе, Мәлік Отарбаев «Қуатты аймақ – қуатты ел» қағидатының маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, аймақтар мен өңірлердің дамуы еліміздің экономикалық және әлеуметтік ахуалына тікелей ықпал етеді.
СНХ: МӘЛІК ОТАРБАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ: Облыстың инвестициялық әлеуеті артып келе жатыр. 2023 жылы 216 инвестициялық жоба жүзеге асырылса, былтыр су тасқынына қиындықтарға қарамастан 187 инвестициялық жоба іске асырылды. Биылғы жылдың аяғына дейін 2221 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр. Бұл тікелей Президенттің тапсырмасы. Бурабайдағы кезекті отырыста және сол отырыстың нәтижесінде ел Президенті 53 тармақтан тұратын жоспарға қол қойды. Бұл – Ұлттық Құрылтай көтерген мәселелердің айтылған әрбір сөздің сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асырылып жатқандығын айғақтайды.
РКС: Әр өңірдің әлеуетін тиімді пайдалану арқылы елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге болады. Бұл отырыс өңірлік мәселелермен қатар, елдің әлеуметтік, мәдени және саяси дамуының негізгі бағыттарын айқындауға мүмкіндік бермек.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ