ДИКТОР: Жыл басынан бері Бурабай ауданында негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Өнеркәсіптегі нақты көлем индексі 111 проценттен асты. 700-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Ауыл шаруашылығы саласы Бурабай ауданы экономикасының негізгі және қарқынды дамып келе жатқан секторларының бірі. Жыл басынан бері аудан экономикасына 15 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды, оның 12 млрд теңгесі жеке инвестиция. Қазір 50 млрд теңгеден астам сомаға 36 жоба іске асырылуда. Нәтижесінде 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Аймаққа инвесторларды тартуға қатысты жұмыс тұрақты бақылауда. Туризм саласына да ерекше басымдық беріліп отыр. Жазғы туристік маусым ресми түрде ашылды. Биыл оны ерекше етіп өткізу жоспарланып отыр. Өзге де салалардағы жұмыс барысы қандай? Аудан әкімі Арай Садықов бұқаралық ақпарат құралдары алдында баяндап берді.

РКС: Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімінің көлемін ұлғайту мақсатында ірі қара мал басын 800 басқа ұлғайта отырып, сүт-тауарлы фермасы қайта құрылды. Жоба құны 4 млрд теңге. Сондай-ақ, тәулігіне 50 тоннаға дейін сүт өндіретін зауыт салу қолға алынбақ. Жоба құны 6 миллиард теңге. Құрылысы биыл басталып, келер жылы қолданысқа берілмек.

СНХ: АРАЙ САДЫҚОВ, БУРАБАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Бұл аудан тұрғындарының толық көлемде сүт қажеттілігін қамтамасыз етеді. 2026 жылы енгізіле отырып, «Мясные традиций» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жобасын іске қосу жоспарлануда. Кәсіпорынның жобалық қуаты ауысымына 14 тонна құрайды. Сондай-ақ қызметтердің толық кезеңімен астық қоймасын салу бойынша «Жамантұз Грейн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі инвестициялық жобасын іске қосу жоспарлануда. Біржолғы сақтау қуаты 50 мың тоннаны құрайды.

РКС: Ауданда тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру маңызды. Жеке инвестициялар есебінен тұрғын үй құрылысы белсенді жүргізілуде. Жыл соңына дейін көппәтерлі 5 тұрғын үй пайдалануға беріледі.Бюджет қаражаты есебінен халықтың әлеуметтік осал топтарына мұқтаж жандар үшін 100 пәтер сатып алынбақ. Реновация бағдарламасы да қолға алынып жатыр. Шаһардағы бір апатты үй бойынша шарт жасалынды. Қатаркөл және Кенесары ауылдарына ауылдық клуб салып жатыр. Оған 1,3 миллиард теңге бөлінді. Ұрымқай ауылындағы мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілуде. Сондай-ақ Щучинскідегі 4-ші мектептің күрделі жөндеуі аяқталады. Бұдан бөлек, тозығы жеткен ғимараттарды бұзу мәселесі де қарастырылып жатыр. Ауылдарды сапалы сумен қамтамасыз ету де басым міндеттің бірі. Ұрымқай және Баянбай ауылдарында су құбыры пайдалануға берілді. Тағы 7 ауылда жұмыс жалғасуда. Осылайша жыл соңына дейін 4 мыңға жуық адам сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Биыл Қатаркөл көлі аумағында су құбырларын салу, сондай-ақ шаһардың су құбыры желілерін қайта жаңарту және салу жұмыстары жалғасуда. 5 ауылда суды тазарту модульдері блогы сатып алынды. Аудан экономикасының басымдықтарының бірі туризмді дамыту. Аталған салада қабылданып жатқан шаралар туристік инфрақұрылымды кеңейтудің оң серпінін қамтамасыз етті.

СНХ: АРАЙ САДЫҚОВ, БУРАБАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында ағымдағы жылдың маусым айында 5 жобаны іске асыру аяқталады. Щучинск қаласында байқау алаңы, Бурабайда серуендеу алаңы, Щучье көлі аумағындағы қоғамдық жағажайды абаттандыру, Бурабай кентінде жылы санитарлық-гигиеналық торапты және 119 «ақылды» бейнебақылау камераларын орнату.

РКС: Алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселесі де басты назарда. Шаһардағы шағын ауданды қосу және салынып жатқан нысандар үшін қосымша жүктемені қамтамасыз ететін 5 қазандық ауыстырылмақ. Көшелерге жарық орнату жұмыстары да жоспарлы жүзеге асырылуда. Щучинск қаласы бойынша 11 көшеге жарық орнатылды. Жыл соңына дейін ұзындығы 5 шақырымнан асатын тағы 7 көшеге жарық беріледі. «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында Наурызбай батыр және Атамекен ауылдарында 2 жоба жүзеге асырылуда. Аудандағы жолдарды жөндеу де өзекті мәселенің қатарында. Жол деңгейінің сапасын арттыру үшін биыл аудандық жолдардың 18 шақырымға жуығы жөнделеді. Спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында Щучинск қаласында көпфункционалды спорт сарайы салынып жатыр және Қатаркөл ауылындағы спорт залына жөндеу жүргізілуде. Балалар спорт алаңдарын орнату жұмысы биыл да жалғасады. Осындай 6 алаң орнатылмақ.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ