ДИКТОР: Көкшетауда Қазақстан әйелдері күштері альянсының аймақтық төрайымдары мен мектеп басшыларының форумы өтті. Онда әйелдер көшбасшылығы мен әлеуметтік жобаларды іске асырудың табысты тәжірибелері талқыланды. Шараға еліміздің 13 өңірінен 80-нен астам белсенді әрі бастамашыл нәзік жан келді.

РКС: Қазақстан әйелдері күштерінің альянсының құрылғанына биыл алты жыл. Бүгінде еліміздің барлық өңірінен 140-тан астам үкіметтік емес ұйымды біріктіріп отыр. Қауымдастықтың қызметі – әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі ролін нығайтуға, олардың көшбасшылық әлеуетін дамытып, қолдауға бағытталған.

СНХ: РАУШАН СӘРСЕМБАЕВА, «ҚАЗАҚСТАН ӘЙЕЛДЕРІ КҮШТЕРІ АЛЬЯНСЫ» ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАР БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: Әйелдер күштері Альянстың негізгі бағыты –әйелдердің саяси көшбасшылығы. Біз қазір қоғамдық-саяси өмірде мансап қуғысы келетін әйелдерге арналған жобаны іске асырып жатырмыз. Депутат, аудан әкімдері болу, шешім қабылдау деңгейіндегі мемлекеттік құрылымдарда жұмыс істеу – міне, біздің мақсатымыз.

РКС: Бүгінде бірлестік әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған жобалармен қатар, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруды да қолға алған. Тек өткен жылдың өзінде Альянс 100-ден астам әлеуметтік жобаны іске асырды. Еліміздің өзге өңірінен келген көшбасшылар өздерінің сәтті бастамаларымен бөлісті.

СНХ: МАРЖАН СӘЛІМОВА, «ҚАЗАҚСТАН ӘЙЕЛДЕРІ КҮШТЕРІ АЛЬЯНСЫ» ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАР БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ: (БАТЫС ҚАЗАҚСТАН): Біз бүгін әйелдердің үні естілсін деген мақсатта жұмыс істеп жатырмыз. Негізгі мақсат –әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін Қазақстан әйелдерінің басын біріктіру. Қазақстан әйелдері күштерінің Альянсы аясында жас көшбасшы, әйелдердің саяси көшбасшылығы және саясаткер әйелдер клубы сынды 3 бағыт бар.

РКС: Екі күндік форум барысында өзекті әлеуметтік мәселелер талқыланды. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдаудан бастап, халықтың әлеуметтік осал тобы мен көпбалалы аналарға қатысты сауалдардың бәрі назардан тыс қалған жоқ. Бұл форум жергілікті және ұлттық деңгейде әйелдер бастамасының желісін нығайтуға және ынтымақтастыққа, диалог орнатуға арналған маңызды алаң болды.

БЕЙБАРЫС ШАЛАБАЕВ, АРАЙЛЫМ ШЫТЫРЫМБЕК, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ. КӨКШЕ АҚПАРАТ