ДИКТОР: Облыста білім беру инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары белсенді жүзеге асырылуда. Соның бірі екінші тыныс алып жатқан аудандағы білім ошағы. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов Зеренді ауданына жұмыс сапары барысында мектепке арнайы барып, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
РКС: Реновация бағдарламасы аясында алғашқы болып жөндеуден өтетін білім ордасы - Зеренді ауылындағы №1 орта мектеп. 700-ден астам оқушы бар. Білім ошағының іргетасы 1970 жылы қаланған. Содан бері жөндеу көрмеген. Қазір жұмыстың 30 проценті орындалған. Мектептің іші және сырты әрленіп, инженерлік желілері ауыстырылуда. Сондай-ақ заманауи талаптарға сай қауіпсіздік жүйесі орнатылады. Жобаның құны 500 миллион теңгеден асады.
ИНТЕРШУМ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Ертерек күн жақсы болып тұрғанда ішкі жұмыстар ғой, екі ауысым қыласыздар ма, осылай ертерек бітіру керек. Өйткені тамызға бояуы болады, жабдықтауы бар, ертең жиһаз әкелесіздер, сондықтан бірінші қыркүйекке дайын болатындай қылу керек. 20-ын қойған кезде, 20 -сы тек анау мынау жұмысын бітіре бастайсыздар. Сондықтан онына дейін біттіріп, жиһаздарды қойып, мектепті оқу процесіне 100 процент дайын қылу керек. Мүмкіндік бар ғой, қаржы бөлінді ғой толық?
-иә, толықтай бөлінді
- Сондықтан сапалы мерзімді жұмыс болу керек. Қойып отырған талаптарымыз осы ғана.
РКС: Мектеп тамыз айында жаңа оқу жылына толық дайын болады деп жоспарлануда. "Қазір жұмыс белсенді жүріп жатыр. Ең бастысы сапаға ерекше назар аударылып отыр.
СНХ: ДИНАРА КЕНЖЕБОЛАТОВА, ЗЕРЕНДІ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Білім ошағы жаңа стандарттарға сәйкес толықтай жабдықталады. Атап айтқанда, жаңа үлгідегі пән кабинеттері, заманауи жиһаздар, зертханалар, робототехника кабинеті және STEM бағытындағы сыныптармен жарақтандырылады. Яғни, мектеп толықтай жаңа талаптарға сай білім беру мекемесіне айналады. Күрделі жөндеу жұмыстарын 20 тамызға дейін толық аяқтау жоспарланған. Бұдан бөлек, қосымша пән кабинеттерін енгізу де көзделген. Бұл бағытта мердігер компания тарапынан қолдау көрсетіліп, қажетті сыныптарды қосымша жабдықтауға мүмкіндік жасалуда.
РКС: Өңір басшысы жұмыс сапасын қатаң бақылауға алуды, белгіленген мерзімдерден кешіктірмеуді, сондай-ақ мектеп ауласын абаттандыру мен көгалдандыруға ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Әкім реновацияның тек ғимарат ішіндегі жұмыстармен шектелмеуін, оқушылар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру маңызды екенін атап өтті.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ