ДИКТОР: Ақмола облысында ресми түрде атшабар маусымы басталды. Осыған орай, Красный Яр ауылындағы ипподромда ат жарыс ұйымдастырылды. Тай жарыс, құнан жарыс, аламан бәйгеден және ұшқыр бәйгенің 3 түрі бойынша қатысушылар сәйгүліктерін баптап әкелді. Дүбірлі доданы қызықтап қайтқан тілші баяндасын.

РКС: Дүбірлі додаға Елордадан, Ақмола, Алматы, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарынан 30-дан астам шабандоз келді. Бұл жарыс бұрынғыдан өзгерек. Ақмола облысы әкімінің қолдауымен ұйымдастырылған доданың жүлде қоры 4 миллион теңге. Дәстүрлі спорт түрлерін насихаттауға бағытталған жарыстың бұл түрі ең алдымен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге зор үлес қосатыны сөзсіз. Красный Яр ауылының әкімі Серікжан Мәкіш жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар иесінің анықталатынына сенімді екенін жеткізді.

СНХ: СЕРІКЖАН МӘКІШ, КРАСНЫЙ ЯР АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ: Бұл спортты ежелден келе жатқан біздің рухымыздың, салт-дәстүріміздің көрінісі, - деп айтуға болады. Сол салт-дәстүрлерімізді сақтауға атсалысып отырған азаматтарға, жас спортшыларға алғысым шексіз! Спортшыларға осы маусымның ашылуы тек қана толағай табыстар алып келсін! Аттарыңыз ұшқыр болып, тек қана топ жара берсін!

РКС: Ат жарыс десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар. Дүбірлі доданы тамашалауға келгендер тақымын қысып, өзіне ұнайтын сәйгүлігінің оза шапқанын қалап отырды. Ер қанаты – ат. Бірақ бұл жарыс нәзік жандыларға да жат емес екенін дәлелдеп берді. Қазақ даласында қыздардың да аттан түспеген жау жүрек екенін көз алдымызға елестетті. Солардың бірі – Румия Оспанова. Румия 3 жасар ұшқыр бәйгеде күміс жүлдені еншіледі.

СНХ: РУМИЯ ОСМАНОВА, ҰШҚЫР БӘЙГЕНІҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ: Мен дөненмен ұшқыр бәйгеге қатысып, 1600 метрлік қашықтықты шауып өттім. Тұлпарымының аты Бусинка. 2 жыл бойы дайындадым. Осымен 2-ші рет додаға түсіп отыр. Жалпы жаман шапқан жоқ деп ойлаймын.

СНХ: ӘЛИХАН ҒАЛИЕВ, ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІНЕН БАЛУАН ШОЛАҚ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Енді әрбір жерден келді шабандоздар.60 ат. Олар бәрі міне жарақат алмай бәрі аман-сау шауып өтті.

РКС: Аламан бәйгеде жерлесіміз Алмаз Қалитаевтың бәсі басым түсті. Басмач тұлпарымен 1-орынды иеленсе, астаналық Ерқанат Әкімжанов Шах заман сәйгүлігімен күміс жүлдегер атанды. Бәйгенің қол жүлдесін Баянауылдан келген Жұлдыз есімді тұлпарымен Айзат Жұмағалиев еншіледі. 2 жасар ұшқыр бәйгеде Алматы облысының өкілі Расул Алпысбай Дат Секъюрити сәйгүлігімен мәре сызығын бірінші кесті. 1600 және 2 мың метрлік ұшқыр бәйгеде Стелси және Кетин тұлпарларымен жарыс алаңына шыққан Сандықтау ауданынан келген шабандоз Дмитрий Волковтың жолы болып, бірінші орынды иеленді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлық табысталды.

БЕЙБАРЫС ШАЛАБАЕВ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ