ДИКТОР: Көкшетауда күні кеше Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қопа көлінің жағалауында жаңа заманауи отбасылық демалыс орны ашылды. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтарының белсенді демалысы үшін барлық қолайлы жағдай қарастырылған. Демалыс аймағында ойын және спорт алаңдары, серуендеуге арналған жолақтар, амфитеатр, веложолдар, сондай-ақ қоғамдық тамақтану орындары бар. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.

РКС: Жаңа демалыс орны бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылған ауқымды жобалардың бірі. Игі бастамаға «Казцинк» компаниясы демеушілік жасап, өңірдің әлеуметтік-мәдени дамуына елеулі үлес қосты. Нысанның құрылысына 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

СНХ: ЖАНАТ ЖАНБОТИН, «ҚАЗЦИНК» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: Бұл тек әлеуметтік жауапкершілік қана емес, бұл біздің болашағымызға, қала тұрғындарына жасалған маңызды инвестиция. Жаңа жағалау қаламыздың одан әрі көркейіп, тазарып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы демалыс орнына айналатынына сенімдімін. Жаңа жағалауды абаттандыру көптен күткен, маңызды бастамалардың бірі еді. Өзім осы қаланың тұрғыны мен өкілі ретінде бұл бастама мен үшін ерекше мәнге ие. Себебі, Қопа көлі, жалпы Көкше жері тарихи маңызы бар табиғи мұрамыз.

РКС: Шара барысында Марат Ахметжанов жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, қала тұрғындарының игілігіне берілген жаңа Қопа жағалауының ашылуы - қалалық инфрақұрылымды дамыту арқылы азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бүгін біз тағы бір тамаша оқиғаның куәсі болып отырмыз. Қаламыздың жаңа көрнекі орны — «Жаңа Жағалау» кешені спорттық және балалар алаңдарымен, амфитеатр, веложол,памп-трек, сондай-ақ, қоғамдық тамақтану орындарымен жабдықталған. Мұнда балалар мен ересектерге жайлы әрі қолайлы демалыс үшін барлық жағдай жасалған. Бұл жағалау алдағы уақытта көптеген маңызды спорттық, мәдени және бұқаралық шаралар өтетін орынға айналарына сенімдімін.

РКС: Көкшетаулықтар көптен күткен жаңа жағалаудың ашылуын зор қуанышпен қарсы алды. Жағалаудың көркем безендірілуі, таза экологиялық орта мен заманауи инфрақұрылым көпшіліктің көңілінен шықты.

СНХ: ГҮЛМИРА СЕМБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Жаңа жағалауға келіп отырмыз, өте керемет. Көзге жақсы көрінеді. Аман болайық, Көкшетауымыз көркейе берсін! Сәттілік тілеймін!

СНХ: ДИЛЬНАРА БӘЙЕТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Иә, өте керемет. 1-ші маусымға орай Балалар күніне осындай жаңа жағалау ашылды. Осындай мерекенің болып жатқанына бізге өте қуанышты сәт. Өте қуанышты жағдай, біздің Көкшетауымыздың көркейіп жатқаны бізге өте жақсы.

РКС: Компания мұнымен шектеліп қалмай, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға ниетті. Демеушілердің айтуынша, алдағы уақытта Көкшетау қаласында 500 орындық жаңа мектептің құрылысы жоспарланып отыр.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ