ДИКТОР: Көкшетауда бірден екі ірі нысанның құрылысы аяқталуға жақын. Облыс әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапары аясында ірі инфрақұрылымдық жобалардың құрылыс барысымен танысты. Атап айтсақ, Қопа көлінің жағалауындағы жаңа демалыс аумағы мен веложол құрылысы. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.
РКС: Бұл – Көкшетауда велосипед инфрақұрылымын дамытуға бағытталған алғашқы ірі жоба. Жоба аясында жалпы ұзындығы 12 шақырымдық веложол мен жүгіру жолағы салынды. Қазір мұнда аумақты абаттандыру, асфальт төсеу, жол белгілерін орнату және айналаны тазарту жұмыстары жүргізілуде.
СНХ: РИНАТ МИНКИН, «QAZAQ SITY STROY» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ӨКІЛІ: Қазіргі таңда жұмыс көлемінің 80 проценті аяқталды. Веложолдың ені 1,5, кей жерлерде 2 метр болады. Қазір асфальт-бетон жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Веложолдың ұзындығы – 8573 метр, ал жүгіру жолағы – 2450 метр. Жол төсенішін 1 маусымға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ал барлық құрылыс жұмыстарын 15 маусымға дейін толықтай аяқтау көзделген.
РКС: Сондай-ақ, Қопа көлінің жағалауын абаттандыру жұмыстарына да ерекше назар аударылды. Бұл жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Қазцинк» акционерлік қоғамының есебінен жүзеге асырылуда. Жағалау үш аймаққа бөлінген. Мұнда бірқатар бірегей нысан енгізілмек. Атап айтсақ, елде теңдесі жоқ скейт-алаң құрылысын жобалауға Ресей Федерациясынан мамандар шақырылған. Сондай-ақ, мұнда биіктігі 5 метрлік арқан саябағы, футбол алаңы және амфитеатр орналастырылмақ.
СНХ: АСХАТ ҒАЛЫМЖАНОВ, «АБК-АВТОДОР НС» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ: Қазір жұмыс көлемінің шамамен 80 проценті аяқталды. Барлық қажетті құрылыс материалдары құрылыс алаңына толық жеткізілді. Құрылыс жұмыстарын 31 мамырға дейін толықтай аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қазір шағын сәулет нысандары орнатылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ бұл аумақта заманауи жарықтандыру жүйесі орнатылмақ. Жоба аясында биіктігі 5 пен 8 метр аралығындағы үш түрлі шам тіректері қарастырылған. Әр аймақ тиісті жарықпен қамтамасыз етіліп, абаттандырылады. Бұл учаскеге шамамен 160 адам мен 50-ге жуық техника жұмылдырылған. Сондай-ақ, Астана мен Көкшетау қаласынан 7 серіктес компания тартылды.
РКС: Аймақ басшысы Марат Ахметжанов құрылыс барысымен жеке танысып шықты. Ол жаңа нысандардың қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды демалыс орнына айналуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстарының қарқыны мен сапасы белгіленген талаптарға толық сәйкес болуы қажет екенін ескертті.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ