ДИКТОР: Еркінбек Абдуллин екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жеңіске жету үшін өз өмірін қиып, қаза тапқан жауынгерлерді іздеумен айналысып жүр. Қазақ жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінде алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы болды. Зейнет демалысына шыққан соң іздестіру клубын құрып, игі іс жасауды азаматтық парызы санайды.
РКС: «Көкше-Іздеу» клубы 2018 жылы Қазақ жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі педагогикалық ұжымының шешімімен құрылды. Аталған клубта 20 курсант бар. Клуб өкілдері екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тауып, еліне сүйегі жетпеген жауынгерлерді іздестірумен айналысады. Ол үшін Ресей Федерациясына, Украинаға барып мәліметтер жинайды. Курсанттар колледж мұражайын соғыс кезінде қолданылған заттармен толықтырып отырады.
СНХ: ЕРКІНБЕК АБДУЛЛИН, «КӨКШЕ-ІЗДЕУ» ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ ІЗДЕСТІРУ КЛУБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: 2018 жылы сәуір айында Ленинград облысындағы әйгілі Синявино биіктігіне алғаш рет сапар шектік. Делегация құрамына мен және 1-ші курс студенттерінен жасақталған топ барып қайттық. Жауынгерлеріміз қайтыс болған жерде болдық. Клубтың мақсаты - Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстарының аумағында құрылған әскери бөлімдердің жауынгерлік жолын зерттеу.
РКС: Клуб өкілдері 2021 жылы облыс әкімшілігінің бастамасымен Украинаға барып қайтты. Сол жерде 118 әскердің жерленген орны табылды. Сол жерде клуб мүшелері Украинаның іздеу қозғалысының құрамында жарты ай іздеу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, клуб құрамы Тула облысында 238 атқыштар дивизиясының соғысқан жерінде де болды. Онда Зеренді ауданы Жамантұз ауылынан шыққан жауынгер Сүлеймен Әбішевтің жерленген орны табылды.
СНХ: ҒАДІЛБЕК РАХИМОВ, ТАРИХ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ: «Память народа» деп аталатын сайт бар. Көбінесе біз Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, белгісіз кеткен адамдардың мәліметін содан табамыз. Көбінесе тұрғындар өздерінің туысқандар туралы сұраныс береді. Бастапқы біздің материал содан басталады. Ленинград облысына, Курск облысына, Смоленск облысына барып, қазба жұмыстарын жүргізетінбіз. Былтыр автопробег болды. Көкшетау – Волгоград – Курск – Смоленскіге дейін жетіп, қайттық. Ол да біздің клубтың жасалған жұмыстарының бірі.
РКС: Клуб өкілдері соғыс кезіндегі қазақстандық жауынгерлердің қайсарлығы мен ерлігін қазіргі жастарға, өскелең ұрпаққа насихаттаудан жалыққан емес. Осының арқасында колледж студенттері әскери жұмысқа қызығып, колледж қабырғасындағы мұражай қорын дамытуға зор үлес қосып жүр.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ