ДИКТОР: Биыл еліміздің барлық аймағын қамтитын ұлттық ауыл шаруашылығы санағы жүргізіледі. Үкіметтің арнайы қаулысына сәйкес бұл ауқымды статистикалық науқан еліміздің барлық өңірін қамтиды. Санақ - аграрлық саланың нақты жағдайын айқындап, ауыл шаруашылығы туралы толық әрі шынайы деректер қорын қалыптастыруды көздейді.
РКС: Санақ кезінде ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің, яңни ірі кәсіпорындардан бастап, жеке шаруашылықтарға дейін толық есебі жүргізіледі. Ауыл шаруашылығы жерлерін,, егістік алқаптарын пайдалану туралы ақпарат жинақталады. Мал басы мен үй құстарының есебі де бағаланбақ. Қолданыстағы ауыл шаруашылығы техникасы мен еңбек ресурстары жайлы да мәліметтер санақ барысында жинақталады. Ауыл шаруашылығы санағы әр он жылда бір рет жүргізіледі және бұл аграрлық саланың дамуын бағалауға арналған маңызды әдіс ретінде қарастырылып отыр. Санақтың басты ерекшелігі – енді қағаз бланктердің орнына заманауи ақпараттық технологиялар, атап айтқанда, планшеттер қолданылады.
СНХ: РАСУЛ ЕРҒАЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ СТАТИСТИКА ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Ауқымды санақ екі кезеңде жүргізіледі. Алғашқысы маусымның бірі мен 30-ы аралығында Қосшы, Степногорск, Степняк, Ақкөл, Щучинск, Атбасар, Макинск, Есіл, Ерейментау және Державинск қалаларында өткізу жоспарланып отыр. Екінші кезеңде тамыздың бірі мен 31-і аралығында sanaq.gov.kz арнайы веб-порталы арқылы онлайн сауалнама түрінде, респонденттер деректерді өздері енгізе алады және 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында – санақ қызметкерлері тұрғындармен жеке әңгімелесу жүргізіп, планшеттер арқылы мәліметтерді тікелей енгізеді.
РКС: Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы – ауыл экономикасын дамытуға және шаруаларға нақты қолдау көрсетуге бағытталған. Мұнда ең бастысы – респонденттер ұсынған барлық ақпарат құпия сақталады және тек жалпылама түрде ғана қолданылады.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВАСИЛИЙ ВЕРЕЖНИКОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ